Елімізде ұшақтарда биометриялық сәйкестендіру енгізіледі

Фото: Depositphotos
Қазақстанда ішкі әуерейстерде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Мұндай жүйе Астана мен Алматыда жұмыс істеп тұр, биыл Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларында тағы 16 терминал орнату жоспарланған.
«Келесі кезеңде ішкі рейстерде биометрияны енгізу көзделіп отыр. Пилоттық жоба Астана – Шымкент бағыты бойынша жүзеге асырылады», – деді министр Үкімет отырысында.
Брифинг барысында Сауранбаев авиациядағы биометрияның негізгі түрлері саусақ іздері мен көздің торлы қабығы екенін айтып өтті.
«Біз негізгі пилоттық жобаларды осылар бойынша жасаймыз. Тіркеу жеке куәлікті көрсету арқылы емес, дәл осы биометриялық мәліметтерді ұсыну арқылы жүргізіледі, бұл құжатты көрсетудің орнын басады», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр мәліметінше Q-Gate жүйесі бақылаудан өту уақытын 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.


