ЖИ жасаған фейкті қалай танимыз: фото, видео мен аудионы тексеру жолы

Фото: Depositphotos
Желіде жасанды интеллект көмегімен жасалған фейк фото, видео мен аудио көбейіп барады. NoFake.kz Google Gemini құралы арқылы кез келген контенттің ЖИ көмегімен жасалғанын немесе өңделгенін қалай тексеруге болатынын түсіндіреді.
Бұл құрал сурет, аудиофайл немесе видеоның ЖИ арқылы жасалғанын немесе өңделгенін анықтауға мүмкіндік береді. Компания өкілдерінің хабарлауынша контентті тексеру үшін сізге тек Gemini аккаунтына кіру қажет.
Тексеру қалай жұмыс істейді?
Бағдарлама авторларының айтуынша, Gemini қосымшаларында ЖИ жасаған контентті анықтау үшін екі негізгі технология қолданылады:
1. SynthID:Көзге көрінбейтін сутаңбалар (водяные знаки) негізінде жұмыс істейді. Бұл технология кескіндердің, видеолардың және аудиолардың Google-дың ЖИ модельдері арқылы жасалғанын немесе өңделгенін дәл анықтай алады.
2. Контент төлқұжаты (Content Credentials): Бұл – цифрлық контенттің шығу тегі мен өзгеру тарихын тіркейтін өзіндік «цифрлық паспорт». Ол ЖИ көмегімен жасалған материалдар үшін де, қарапайым материалдар үшін де қолданылады.
Фото, видео, аудионы тексеру
ЖИ көмегімен тексеруді пайдалану үшін сізге мыналар керек:
Жеке аккаунт немесе сәйкес келетін Workspace аккаунты.
Файлдарды тексеру үшін Gemini қосымшасының ең соңғы нұсқасы.
Gemini қосымшасына жүйелі түрде кіру (авторизациядан өту).
Контентті тексеруге жүктеу нұсқаулығы
Жүйе компьютерде, Android және iOS (iPhone/iPad) құрылғыларында қолжетімді.
Маңызды ескертулер:
«Бір уақытта тек бір ғана кескін, видео немесе аудиофайлды тексеруге болады. Файл көлемі 100 МБ-тан аспауы тиіс.Видеоның ұзақтығы 90 секундтан, ал аудиофайл 1 сағаттан қысқа болуы керек. Егер сіз тексеруге суреттің скриншотын жіберсеңіз, нәтиже барынша дәл болуы үшін оның жиектерін қиып тастаңыз. Бірнеше түрлі суреттен құралған коллаждарды жүктемеңіз», — делінген нұсқаулықта.
Кез келген контентті компьютер арқылы жүйеге жүктеп, тексеру үшін қадамдарды орындау ұсынылады:
1. Компьютерде https://gemini.google.com сайтына өтіңіз.
2. «Файлдарды қосу» батырмасын таңдаңыз.
3. Құрылғыңыздағы файлды жүктеу үшін «Файлдарды жүктеу» пәрменін басыңыз.
4. Егер файлды фотосуреттер кітапханасынан алғыңыз келсе: Басқа нұсқалар «Фото» тармағын таңдаңыз.
5. Файлды Google Дискіден қосу үшін «Диск»батырмасын басыңыз.
Ескеретін бір жайт, Дискіден файл қосу үшін әрекеттер тарихын сақтап, Google Workspace-ті Gemini қосымшаларына қосу керек.
ЖИ-ге қалай сұрақ қою керек?
Файлды жүктегеннен кейін, компания Gemini-ге мына тектес сұрақтарды жолдауды ұсынады.
«Бұл сурет (немесе видео, аудиофайл) Google-дың ЖИ-і арқылы жасалған ба немесе өңделген бе? Бұл кескін ЖИ арқылы генерацияланған ба? Бұл шынайы видео ма? Тексеру нәтижелерін қалай түсінуге болады?», — деп жазады бағдарлама авторлары.
Сонымен қатар, жүйе авторлары SynthID тек Google құралдарымен жасалған контентті танитынын ескертеді. Ал Content Credentials функциясы контенттің шығу тегін, өзгерістер тарихын және ЖИ құралдарының қолданылған-қолданылмағанын білуге көмектеседі.
«Тексеру нәтижесінде Gemini сізге келесідей жауаптар береді:
SynthID бойынша нәтижелер:
Сутаңба анықталса: Файл толығымен немесе ішінара Google ЖИ модельдерімен жасалған немесе өзгертілген.
Сутаңба анықталмаса: Контент Google ЖИ-імен жасалмаған, бірақ оны басқа ЖИ жүйелері генерациялауы мүмкін екенін ұмытпаңыз», — дейді мамандар.
Авторлар кейде суретте немесе вдиеода ЖИ-дің қолданылғаны белгісіз болып қалатын жағдайлар да болатынын жасырмайды. Мамандардың айтуынша бұған контенттің тым қарапайым немесе абстрактілі болуы (сутаңбаға деталь жетіспеуі) немесе өзгерістердің тым шағындығы себеп болуы мүмкін . Видедар Gemini сутаңбаның нақты қай бөліктерде табылғанын көрсетіп береді.
«Егер файлда Content Credentials деректері болса, сіз мына санаттар бойынша қысқаша ақпарат ала аласыз: Медиафайлдың құрылымы; Өзгерістер тарихы; ЖИ пайдалану мәртебесі», — деп жазады мамандар.
Сонымен қатар, мамандар Gemini-ден бөлек, ЖИ өнімдерін кез келген адам өздігінен тани алатынын алға тартады. Сурет немесе видеолардағы қателіктерді іздеу керек. Мысалы: бұрмаланған мәтіндер, адам саусақтары, тістерінің дұрыс бейнеленбеуі, фон элементтерінің қисынсыздығы, көлеңке мен жарықтың сәйкес келмеуі немесе жасанды көрінетін қайталанатын фрагменттерді қарапайым көзбен де байқауға болады.


