NoFake

Неге біз жалған ақпаратты шын деп қабылдаймыз — АҚШ ғалымымен эксклюзив сұхбат

Sloman 1024x681

Фото: Профессордың жеке мұрағатынан

Адамдар көбіне бейсаналы түрде жалған ақпаратқа сеніп, оның ықпалына түседі. Бұл — білімнің аздығынан емес, ойлау дағдылары мен орта әсерінің нәтижесі. Осы орайда АҚШ-тың Браун университетінің когнитивтік ғылымдар профессоры Стивен Сломан nofake.kz/-ке берген эксклюзив сұхбатында сыни ойлау деген не, фейкке неге тез сенеміз және жалған ақпараттың ықпалынан қалай арылуға болатынын түсіндірді.

Сломан профессор, сыни ойлау дегеніміз не? Адам жаңалыққа немесе әлеуметтік желідегі жазбаға сенбес бұрын не істеуі керек?

-Бұған дейін көп жылдар бойы сыни ойлау қателіктерді анықтауға арналған рәсімдер жиынтығы деп айтылып келді. Бұл дағдылар пайдалы, бірақ олар көбіне контекске тәуелді болады. Ал жалған ақпарат, фейкке келер болсақ, мұндағы басты проблема — адамдардың шындықты іздеуге ұмтылмауында болып отыр. Сыни ойлау — ең алдымен шындық пен жалғанды ажыратуға деген ниет болуы тиіс. Егер адамға ақпараттың рас-өтірігі маңызды болмаса, оған ешқандай нұсқаулық көмектеспейді.

Адамның осы саладағы білім деңгейі мен сыни ойлау қабілеті арасында байланыс болуы мүмкін бе?

— Әдетте біз ақпаратты автоматты түрде шындық деп қабылдаймыз. Әйтпесе өмір сүру қиын болар еді. Сондықтан тек білімнің өзі жеткіліксіз. Адам үнемі «сақ бол, тексер» деп еске салып отыратын ортада өмір сүруі тиіс.

—  Демек, жеке ойлау қабілеті ғана емес, айналадағы орта да маңызды ғой?

— Дәл солай. Мысалы, мен қарт анам үшін алаңдаймын, сондықтан оның не естігенін және неге соған сенетінін жиі сұраймын. Осылайша мен оның бәріне сене бермеуіне көмектесетін ортаның бір бөлігіне айналамын. Бұл жеке дағдыдан гөрі мәдени міндет деп айтар едім.

Сіздің жаңа кітабыңыз «The Cost of Conviction: How Our Deepest Values Lead Us Astray» деп аталады. Осы еңбегіңізде адамдар көп жағдайда сарапшылардың пікіріне сенеді деп жазыпсыз?

— Біз әлемді тұтас әрі қарапайым түрде түсінуге ұмтыламыз. Ақпарат бір-бірімен үйлескен, түсінікті әңгімеге айналғанда, «түсіндім» деген сезім туады. Сол сияқты ақпаратты беделді адамдар түсіндірсе сол ақпаратқа жиі сенеміз. Мысалы, Қазақстан тарихын алайық. Бір адамның сіздердің елдеріңіздің тарихының барлық қыр-сырын түгел білуі мүмкін емес. Түрлі мамандар елдің әр өңірінде және өмірдің түрлі салаларына маманданған. Бірі тағам мәдениетін зерттесе, енді бірі әскери тарихқа маманданған. Осы тұста біз үшін ақпаратты кімнен еститініміз маңызды бола бастайды. Яғни, бұл дегеніміз жаңа біз айтқан – сарапшылар мен мамандардың сөзі. Адамдар көбінесе біліктілігі жоғары, беделі бар мамандардың сөзіне сенеді. Сосын оның тағы бір қыры бар. Ол адамдар арасындағы қасиетті және киелі ұғымдар. Менің «The Cost of Conviction» кітабым міне осы ұғымдар жайлы. Мысалы, мұсылмандар мен иудейлерге доңыз етін жеуге тыйым салынады. Өте қарапайым әрі түсінікті ұғым деп ойлаймын. Міне осындай көпшілікке түсінікті ережелерге, бұрыннан келе жатқан қасиетті ұғымдар мен ақпаратқа адамдар көп сенеді. 

Осы орайда, мынадай сұрақ туындап отыр. Адамдар сыни ойлаудан қашып, ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізудің орнына, керісінше өзі ой қорытып, соған сеніп қалуының қандай белгілері болуы мүмкін? 

— Меніңше көпшілік ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізгісі де келмейді. Керісінше олар о бастан өздері ой қорытып, соның жетегінде кетеді. Және мұндай тұжырымға ол өзі келмейді, оған қоғам осы ойды сіңіріп тастауы мүмкін. Ал, оқиғаға байланысты қандай да бір жаңа ақпарат шықса немесе оның бұл ойына біреу қарсылық білдірсе, әрине ол өз ұстанымында қалуға тырысады. Яғни сыни ойлаудан бас тартады. Мысалы сіздің есігіңізді біреулер қағып сізден ақша немесе бағалы заттарды талап етсе, сіз бірден қорғану реакциясын көрсетесіз. Ақпаратта да дәл солай. Адам жалған ақпарат болса да, егер сол ақпаратқа өзі сенсе, ол оның жалған екеніне сенбейді. Мұндай жағдайда адамды райынан қайтару өте қиын. Позициялар қатаңдап, ымыра жоғалады, ал жанжал нақты әрекеттерге ұласуы мүмкін. Демек адамның назарын ақпараттың шындық немесе өтірік екеніне көз жеткізуіне назар аударта білу керек. Негізі ондай адамдар бар. Оларды рефлексі бар адамдар деп атайды. 

Бұл қасиет туа біткен қасиет пе, әлде оны үйренуге бола ма?

— Көбіне бұл туа біткен ерекшеліктер мен өскен ортаның үйлесімі болады. Ал, адам бойындағы рефлексті оятудың тәсілі – одан ақпаратты түсіндіріп беруді сұрау. Егер бір нәрсенің қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндіруді өтінсеңіз, ол өз білгенінің ойлағанынан аз екенін аңғарады. Міне, осы сәтте ол ойлана бастайды. 

— Ал, манипуляция туралы айтсақ, аудиторияның сыни ойлау қабілетін төмендету үшін, адамдардың қандай эмоциясына қысым көрсетілуі мүмкін? 

— Әдетте бұл бір ғана эмоция емес. Манипуляторлар әдетте адам ойындағы «қасиетті» ұғымды пайдаланып, соған қысым көрсетуі мүмкін. Олар бір мезгілде ашу-ыза, қорқыныш және әділетсіздік сезімін қоздырады.

Жалған ақпаратқа сеніп қалған адамды қалай дұрыс түзетуге болады?

— Құрмет көрсету керек. Ол үшін адамға не маңызды екенін түсінетініңізді көрсету қажет. Оның ең тиімді жолы — өзіне «бұл рас па» деген сұрақты қойғызу және қорытындыға өзі келуіне көмектесу. Біз фактілердің бәрін өзіміз тексере алмаймыз, сондықтан деректерге мән беруді үйрену керек. Адам неғұрлым абсолютті сенімділікпен сөйлесе, соғұрлым оған күмәнмен қарау керек. 

Әңгімеңізге рахмет!

Оқу үшін