Көрермен санасын бағындыру: видеодағы жасырын сигналдар қалай әсер етеді

Коллаж: nofake.kz/
Әлеуметтік желілерде түрлі қайырымдылық жобалары, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру, гуманитарлық көмек – көп жағдайда эмоционалды түрде көрсетіледі. Десе де, кейде эмоцияға шамадан тыс акцент беру — қоғамға әсер ету үшін қолданылатын манипулятивтік әдіс болуы мүмкін. nofake.kz/ мамандарға жүгініп, адамдардың жанашырлығы мен көмекке асығып тұратын қасиетін пайдаланып, оларға манипуляция жасау құралдарын талдап көрді.
Елге «қайырымдылық» жасаған болып, халықтан жиналған ақшаны өз қалтасына жымқырған оқиғаның нақты мысалы – Перизат Қайраттың ісі. Дүйім жұртты «қаһарман» әрі «жанашыр» қыздың образымен алдап соққан ол – халықты «қайырымдылық» сынды адам бойынан табылатын ізгі қасиетке күмәнмен қарауға себепкер болды.
Әсіресе, блогер оны қазақ халқы сияқты жетімін жылатпаған, қолы қысқаға өзіндегі бар-жоқты үйіп-төгіп беретін, құлағанға тіреу, жылағанға сүйеу бола білетін аңғал әрі жанашыр халыққа ұтымды пайдаланып кетті. Яғни, бүтін бір ұлттың жанды жерін өз пайдасына асыра алды. Сонымен, жалпы халық болып Перизат Қайраттың манипулятивті арбауына түсуіне не себеп болды? Психолог Күләндә Төлендиева блогердің Газа аймағына жүк артқан болып, қайырымдылық көмек көрсеткен видеосына талдау жасады.
Біріншіден. Уақытты өтірік жылдамдату мен жалған кризистік жағдай жасау атмосферасы
Видеода «ауа райы өзгерді», «санаулы минут қалды», «шұғыл жүктеу керек» деген тіркестер жиі айтылады. Бұл — көрерменді «шұғыл әрекет ету керек» деген күйге түсіретін тәсіл. Нәтижесінде, көрермен эмоцияға беріліп, оқиғаға объективті бағалау жасаудан алыстайды.
Екіншіден. Өзін қаһарман ретінде көрсету
Блогердің әрекеті нақты жұмыс істегеннен гөрі, камерада образ жасауды көздейді, яғни, функционалды емес, демонстративті сипатта көрініс табады: жүктердің ауыр екенін әдейі көрсетеді, өтірік асыққан болады,«нәзік қыз болсам да үлкен іс атқардым» деген ойды санаға сіңіреді. Бұдан оның өзін құрбан етуін, «жанкешті», «батыр» ретінде көрсеткісі келетін типтік демонстративті моделін көруге болады.
Үшіншіден. Эмоциялық гиперболизация
Видеода қуану, уайымдау, қобалжу — бәрі күшейтілген формада беріледі. Психологияда мұны «эмоциялық жұғу — заражение» деп атайды. Яғни, адамға эмоцияны көрсету арқылы оның да сол эмоцияны сезінуіне әсер ете білу. Сол сияқты видеода жұмыс пен қыздың сырт киімі үйлеспейді. Оның киімі «жеңіл» болса да, жұмысы «ауыр». Ал, «Алақай, рахмет!» деген сөзі арқылы ол көрерменнің эмоциялық эмпатиясын алғысы келеді. Яғни адамдар мұны шынайы деп қабылдауы мүмкін, дегенмен оның астарында жасанды әрекет жатыр. Мұны эмоциялық гиперболизация деп атайды. Ол — көпшілік санасына манипулятивті әсер етудің ең тиімді құралы және адамдардың сенімін, жанашырлығын, эмпатиясын күшейтеді.
Төртіншіден. Камера арқылы көрерменге жақын болу иллюзиясы
Қыздың тікелей объективке қарауы жеке байланыс орнатқандай әсер қалдырады. Бұл сенім мен эмоциялық байланыс деңгейін арттырады.
Бесіншіден. Басқаларды бейсаналы түрде басқару
Видеода волонтерлар оның аласұрған әрекетіне еріп, жүктерді тез-тез тией бастайды. Блогер еріктілерді тікелей басқармайды, бірақ оның ширақ қозғалысы, шынайы жаны ашыған адамның кейпін танытуы, осы әрекетін драматизациялауы – оқиғаны эмоциялық тұрғыда нормативті, яғни қалыпты етеді. Мұндай жағдайда адамдар өздерін басқарып жатқандығын біле бермейді.
Бұдан нені көруге болады: адамдардың сыни ойлау қабілетінің төмендігі, оқиғаны объективті бағалауға қоғамның тым әлсіз екендігі және «жанкешті» блогердің жағымды бейне жасауға тырысуын байқаймыз. Бұл — ақпараттық манипуляцияның ең кең таралған тәсілдерінің бірі.
Өзге сарапшылар не дейді?
Психолог Анар Кыдыкова да адам бойындағы қарапайым адами қасиеттер және көмек көрсету ниетімен манипуляция жасау әдісін көп жағдайда қылмыстық топтар мен мен ұйымдар қолданатынын жеткізді.
«Перизат Қайраттың кейсі осыған нақты мысал бола алады. Бұл оқиғада жалған эмоция мен әрекеттерді – өтірік жанашырлық таныту, эмпатия, көмектескен болу, жапа шеккендердің арасына барған болу сияқты жалған әрекетті көреміз. Ондағы мақсат – өзінің қара басын ойлап, пайда көру, осылайша елді адастыру», — деді маман.
Қорыта айтқанда, эмоциялық манипуляция – қазіргі ақпараттық кеңістікте ең жиі қолданылатын әрі қауіпті тәсілдердің бірі. Блогерлер, алаяқ топтар немесе кез келген манипулятор адамның табиғи жанашырлығын, сенгіштігін, көмектесуге дайын тұратын қасиетін өз мақсатында пайдаланып кетуі мүмкін. Перизат Қайрат ісі – осының айқын дәлелі. Ол қоғамның сенімін теріс қолдану арқылы жалған образ жасап, халықты адастырды. Бұл жағдай бізге ақпаратты тұтынғанда сезімге ғана емес, сыни ойлауға да сүйену қажеттігін көрсетеді. Сондықтан кез келген эмоционалды контентті көргенде асығыс шешім қабылдамай, ақпараттың шынайылығын тексеріп, манипуляцияның белгілерін байқауды ұмытпаған абзал.


