Концертте адам қайтыс болды, Нұх пайғамбар кемесі табылды — аптадағы фейктер

Коллаж: NoFake.kz
Яндекс сервисі жолаушылардың банк картасынан артық ақша алып жатыр, Қайрат Нұртастың концертінде адам қайтыс болды, Перизат Қайраттың туыстары қайырымдылық қаржысына Дубайдан пәтер сатып алды, ал Арарат тауынан Нұх пайғамбар кемесі табылды. Осы аптада NoFake.kz аталған ақпараттардың қаншылықты шындыққа жанасатынын тексерді.
«Yandex Qazaqstan» сервисі жолаушылардың банк картасынан артық ақша алып жатыр»
Фейк: Әлеуметтік желіде «Yandex Qazaqstan» сервисіндегі ақау салдарынан қосымшаға тіркелген банк карталарынан ақша алынып жатыр деген ақпарат тарады.
Шындығында: NoFake.kz «Yandex Qazaqstan-ға» хабарласты. Компания өкілдері аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде жұрт жаппай жарақат алып, бір адам қайтыс болды ма?»
Фейк: Әлеуметтік желілерде әнші Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде адам қаза тауып, көптеген көрермен жарақат алғаны туралы хабарламалар тарады.
Шындығында: Шымкент қаласының әкімдігі жаппай жарақат алу және адам өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Медициналық көмекке сегіз адам жүгінген, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Әлеуметтік желідегі жазбалар шындыққа сәйкес келмейді.
«Перизат Қайраттың туыстары қайырымдылық қаржысына Дубайдан пәтерлер сатып алған ба?»
Фейк: Әлеуметтік желіде 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың туыстары Дубайдағы бірнеше пәтерді қайырымдылыққа жиналған қаражат есебінен сатып алғаны туралы ақпарат тарады.
Шындығында: ҚМА тексеруі Перизат Қайраттың туыстары Дубайдағы пәтерлерді қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алған деген болжамды растаған жоқ. Агенттік туыстық байланыстың өзі қылмыстық жауапкершілікке тартуға немесе мүлікті тәркілеуге негіз болмайтынын атап өтті.
«АвтоЦОН-да емтихан тапсыру үшін алты ай кезек күту керек пе?»
Фейк: Құрылтай отырысында «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаты Мейраш Шынасилова «Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан тапсыру үшін ұзақ кезек күтуге тура келетінін, кейде 6 айға дейін созылатынын» мәлімдеді.
Шындығында: Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында «емтихан тапсыру үшін, расымен 6 айға дейін кезек күтуге тура келе ме?» деген сауалды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолдадық. Мекеме ХҚКО-да емтихан тапсыру кезегін күту мерзімі алты айға дейін созылады деген мәліметтер нақты деректермен расталмайтынын айтты. Нақты күту мерзімдері өңірге, жүргізуші куәлігіне үміткерлердің санына және тиісті емтихан инфрақұрылымының өткізу қабілетіне байланысты өзгеріп отырады.
«Қазақстанның су ресурстары шетелдік компанияға беріле ме?»
Фейк: Әлеуметтік желіде Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандары израильдік компанияның басқаруына беріледі деген ақпарат тарады.
Шындығында: Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандарын шетелдік компанияның басқаруына беру туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату Қазақстанның су ресурстарын немесе су шаруашылығы нысандарын олардың басқаруына беру дегенді білдірмейтінін түсіндірді.
«Арарат тауынан Нұх пайғамбардың кемесі табылды»
Фейк: Әлеуметтік желіде Түркиядағы Арарат тауынан Нұх пайғамбардың кемесі табылды деген видео тарады.
Шындығында: Видеоны тексеру кезінде кадрлардың жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін көрсететін белгілер анықталды.


