Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде жаппай жарақат алғандар туралы ақпарат — фейк

Фото: kairatnurtas.kz
Шымкент қаласының әкімдігі концертте жаппай жарақат алу туралы ақпаратты жоққа шығарды. Медициналық көмекке сегіз адам жүгінген, олардың біреуін ауруханаға жатқызу қажет болған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желілерде 10 қазанда Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінде бір адамның қаза тапқаны және көптеген адамның зардап шеккені туралы ақпарат тарады.

Қала әкімдігі бұл мәліметтерді жоққа шығарып, медициналық көмекке жүгінген адамдардың нақты санын хабарлады.
«2026 жылғы 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт кезінде медициналық көмекке 8 адам жүгінді. Тексеруден кейін олардың жетеуі үйіне жіберілді. 18 жастағы бір қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді», — деп хабарлады Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, ауруханаға жатқызылған қыздың жағдайы 11 қазан күні таңертең біршама жақсарғанымен, әлі де тұрақты ауыр деп бағаланған. Ол қажетті медициналық көмек алып, дәрігерлердің бақылауында.
Ал Шымкент қаласының полиция департаменті концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады.
«Адамдардың шамадан тыс көп жиналуына байланысты келушілердің бірі зардап шекті. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында.
Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді», — делінген хабарламада.
Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, содан кейін процестік шешім қабылданады.


