Қазақстанның су ресурстары шетелдік компанияға беріле ме — Министрлік жауап берді

Фото: Zakon.kz
Әлеуметтік желіде Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандары израильдік компанияның басқаруына беріледі деген ақпарат талқыланып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желіде мыңдаған оқырманы бар, өзін мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеуші ретінде таныстырған Гүлнара Мұхтар осы мәселеге қатысты видео жариялады. Оның айтуынша, оқырмандары Қазақстанның су ресурстары Израильдің басқаруына берілгені туралы ақпаратты жеке хабарламасына жіберіп, мән-жайды түсіндіруді сұраған.
Бейнежазбада Гүлнара Мұхтар Қазақстан мен Израиль арасында су саласындағы ынтымақтастық бар екенін айтып, министрліктің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
«Бірақ біздің Израильмен серіктестігіміз бар. Министрлік жалған деп мәлімдеме жасапты. Министрлік суды үнемдеу бойынша меморандумға қол қойған. Халыққа ашық түсіндіру керек шығар», – дейді ол.
Аталған видеоның астына Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеме қалдырған.
«Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандарын шетелдік компанияның басқаруына беру туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Шетелдік тәжірибені тарту Қазақстанның су ресурстарына меншік құқығын немесе оларды басқару өкілеттігін шетелдік компанияларға беруді көздемейді. Су саласындағы халықаралық ынтымақтастық заманауи технологияларды енгізу, су шығынын азайту және су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған»,- делінген хабарламада.
Осылайша, министрлік шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату Қазақстанның су ресурстарын немесе су шаруашылығы нысандарын олардың басқаруына беру дегенді білдірмейтінін түсіндірді.


