Банк карталарынан «Яндекс такси» қызметі үшін ақша алынып жатыр — фейк

Фото: Яндекс Go
Әлеуметтік желіде «Yandex Qazaqstan» сервисіндегі ақау салдарынан, қосымшаға тіркелген банк карталарынан ақша алынып жатыр деген ақпарат тарады. Компания аталған мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желі неге шулады?
Желіде Threads қолданушыларының бірі «Yandex Qazaqstan» сервисіндегі ақаулар салдарынан, қосымшаға тіркелген банк карталарынан автоматты түрде ақша алынып жатыр деген жазба жариялады.

Желі қолданушысы тіпті, «ондай ақпаратты жаңалықтардан оқығанын, деректі шұғыл түрде жақындарыңызбен бөлісу керек» екенін айтып, дабыл қаққан.
Компания не дейді?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, «Яндекс Қазақстан» компаниясына хабарластық. Компания өкілдері аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Осы ретте азаматтардан ақпарат көзін мұқият тексеруді сұраймыз. Сервистің жұмысына және туындаған қателерге қатысты сұрақтар бойынша қосымшадағы қолдау қызметіне жүгінуді өтінеміз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаражат қате есептен шығарылған барлық жағдай міндетті түрде қаралады. Қолдау қызметіне түсетін өтініштердің көбеюіне байланысты мұндай мәселелерді шешу әдеттегіден көбірек уақыт алуы мүмкін», — делінген компания хабарламасында.
Түйін
Осылайша, желіде тараған «Yandex Qazaqstan» қосымшасына тіркелген банк карталарынан автоматты түрде ақша алынады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сервисте ақауларға байланысты мәселелер туындаса, пайдаланушыларға қосымшадағы қолдау қызметіне жүгіну ұсынылады. Ал қаражат қате есептен шығарылған жағдайлар жеке қаралады. Сондықтан расталмаған ақпаратты таратпас бұрын, оның дереккөзін тексерген жөн.


