NoFake

Арарат тауынан Нұх пайғамбардың кемесі табылды деген видео — дипфейк

Фото: leadstories.com

Әлеуметтік желіде Түркиядағы Арарат тауынан Нұх пайғамбардың кемесі табылғаны туралы видео тарады. Алайда кадрлардың шынайы емес екені анықталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Видео 5 қазанда Х әлеуметтік желісіндегі аккаунттардың бірінде жарияланған. Жазба авторы кадрларды «Арарат тауы, Нұхтың кемесі» деп сипаттаған. Он секундтық видеода тікұшақтан түсірілгендей көрінетін көрініс бейнеленген.

Онда тау басындағы қазба жұмыстары, кеме пішіндес үлкен құрылым және оның айналасындағы адамдар мен арнайы техникалар көрсетілген.

Фактчекерлер не анықтады?

Lead Stories басылымы видеоны Hive Moderation құралы арқылы тексерген. Сараптама оның жасанды интеллект көмегімен жасалу ықтималдығын 99,9 пайыз деп бағалаған.

Фото: leadstories.com

Бұдан бөлек, видеодан алынған кадр OpenAI Verify құралы арқылы тексерілген. Нәтижесінде жасанды контентті анықтауға арналған цифрлық белгі табылған. Бұл да кадрлардың шынайы түсірілім емес екенін көрсетеді.

Арарат тауында шынымен қазба жұмыстары жүріп жатыр ма?

2026 жылдың қазан айының басында Нұх пайғамбардың кемесіне қатысты зерттеулер халықаралық БАҚ-та қайта талқылана бастады. Түркиядағы археологтар мен Noah’s Ark Scans зерттеу тобы Арарат тауынан шамамен 29 шақырым жерде орналасқан Дюрупынар геологиялық түзілісін зерттеп жатыр.

Фото: leadstories.com

Мамандар жер қабатынан сынамалар алу жұмыстарын жүргізі жатыр.

Алайда әлеуметтік желіде тараған видеодағы жер бедері зерттеу жүргізіліп жатқан Дюрупынар аумағына ұқсамайды.

Бұл нысан бұған дейін де ғалымдардың назарын аударған. 1996 жылы жарияланған геологиялық зерттеуде оның адам қолымен жасалған кеме емес, табиғи жолмен қалыптасқан тау жынысы екені туралы қорытынды берілген. Қорыта айтқанда, Арарат тауынан Нұх пайғамбардың кемесі табылғанын көрсетеді делінген видео шынайы емес. Кадрлар жасанды интеллект көмегімен жасалған. Ал Түркиядағы геологиялық түзіліске қатысты зерттеулер тарихи кеменің табылғанын растамайды.

Оқу үшін