NoFake

Аптаның басты фейктері мен манипуляциялары қазақстандықтарды қалай жаңылыстырды

Коллаж: Nofake.kz

Осы апта Қазнетте Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты түрлі фейк пен манипуляция тарады. Қарағандыдағы университетте туберкулез «эпидемиясы» басталды деген ақпарат та көпшілікті алаңдатты. Сондай-ақ қазақстандық әскерилер мен әскери техника Ресейге не үшін бара жатқанына қатысты жаңсақ ақпарат жарияланды. Осы және өзге де фейктер туралы NoFake.kz апталық шолуынан оқыңыз.

Бозымбаевтың ескі видеосын Маңғыстаудағы оқиғамен байланыстырды

Не таратылды: әлеуметтік желілерде вице-премьер Қанат Бозымбаевтың 2022 жылы Алматыдағы алаңда түсірілген ескі видеолары Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты кадрлар ретінде жарияланды. Мұндай жазбалардың авторлары мен пікір қалдырушылар билікке эмоциялық және ашулы үндеулер жасап, түрлі заңсыз әрекеттерге шақырды.

Тексеру не көрсетті: тараған видеолардың қазіргі қайғылы оқиғаға қатысы жоқ. Кейбір жазбаларда ескі материалдардың түсірілген уақыты мен мән-жайы көрсетілмеген. Соның салдарынан видеолардың қазіргі оқиғамен байланысты екені туралы жалған түсінік қалыптасқан.

«ҚарҰЗУ-да туберкулезге байланысты карантин енгізілді»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері жаппай туберкулез жұқтырғаны және бірнеше жатақхана ғимаратында карантин енгізілгені туралы ақпарат тарады.

Тексеру не көрсетті: университетте туберкулез жағдайлары шынымен тіркелген. Алайда эпидемия басталды және карантин енгізілді деген ақпарат расталмады. Ауру ошағында санитариялық-эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр, тексеру жалғасуда.

«2027 жылы ҚТЖ тарифтері тағы өседі»

Не таратылды: кейбір қазақстандық БАҚ-та 2027 жылы магистральдық теміржол желісі қызметтерінің тарифі тағы көтерілетіні туралы ақпарат жарияланды.

Тексеру не көрсетті: бекітілген 24 пайыздық өсім 2026 жылға қатысты және 21 қыркүйектен бастап күшіне енген. 2027 жылы тарифті қосымша көтеру қарастырылмаған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мәліметінше, 2028–2030 жылдары тарифті жыл сайын 3 пайызға индекстеу жоспарланған.

«Шымкент әуежайынан жарылғыш зат табылды»

Не таратылды: жолаушы өзінің жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтқаннан кейін әлеуметтік желілерде Шымкент әуежайындағы оқиға туралы ақпарат тарады.

Тексеру не көрсетті: жүктен де, әуежай аумағынан да жарылғыш зат табылған жоқ. Ер адам мас күйде болған және рейстен түсірілген. Тексеру қорытындысы бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Қазақстан Ресейге әскери техника жіберіп жатыр»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде қазақстандық әскери қызметшілер мен әскери техниканың Ресейге жіберіліп жатқаны туралы жазбалар пайда болды. Алайда олардың қандай мақсатпен бара жатқаны айтылмады.

Тексеру не көрсетті: әскери техника мен жеке құрамның қозғалысы рас. Алайда олар ҰҚШҰ-ның жоспарлы «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу – 2026» және «Эшелон – 2026» оқу-жаттығуларына қатысу үшін бара жатыр. Әскери техника мен жеке құрамның қозғалысы 2026 жылғы 21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өтеді.

«Астанада әйелді өлтірді деген күдікті – полиция қызметкері»

Не таратылды: Нұра ауданында әйел адам қаза болғаннан кейін әлеуметтік желілерде күдіктінің құқық қорғау органдарының қызметкері екені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ қаза болған әйелдің жеке басы мен шабуылдың мән-жайына қатысты расталмаған мәліметтер жарияланды.

Тексеру не көрсетті: Астана қаласының Полиция департаменті күдіктінің полиция қызметкері екені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мәліметінше, ұсталған адам – қаза болған әйелдің бұрынғы күйеуі. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал әлеуметтік желілерде тараған қаза болған әйелдің жасы мен аты-жөні, балаларының бар-жоғы және шабуылдың мән-жайы туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Полиция оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.

«Астана әкімдігі Президент сапарынан кейін саябақтағы гүлдерді лақтырып жіберді»

Не таратылды: әлеуметтік желіде Астанадағы саябақтардың біріне Президент қатысатын іс-шара алдында тірі гүлдер әкелініп, іс-шара аяқталған соң олардың лақтырып тасталғаны туралы ақпарат тарады.

Тексеру не көрсетті: Астана қаласының Сарайшық ауданы әкімдігі гүлдердің саябаққа әкелінгенін растады. Алайда олардың лақтырылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Әкімдік мәліметінше, көпжылдық гүлдер жерге отырғызылмаған, олар кейін саябақ аумағына отырғызу мүмкіндігін қарастыру үшін сынақ ретінде әкелінген. Тексеруден кейін гүлдер жылыжайға қайтарылған.

«Алаяқтар ЖИ көмегімен жасалған жалған банк картасымен ақша сұраған»

Не таратылды: әлеуметтік желі қолданушысы белгісіз біреулер оның WhatsApp нөмірі арқылы таныстарына ақша сұрап хабарлама жібергенін мәлімдеді. Хабарламаларда әйелдің аты-жөні көрсетілген жалған банк картасының суреті болған.

Тексеру не көрсетті: банк өкілдері алаяқтар адамдардың сеніміне кіру үшін банк карталарының суреттеріндегі логотиптерді, нөмірлерді және басқа деректерді өзгертуі мүмкін екенін хабарлады. Карта суретінің сыртқы көрінісі ондағы деректемелердің нақты кімге тиесілі екенін растамайды. Банк мессенджер арқылы шұғыл ақша сұралса, аударым жасамас бұрын ақпаратты тексеріп, адамға өзіңіз білетін нөмір арқылы хабарласуға кеңес берді.

Оқу үшін