Ресейге әскери техника тиелген пойыздар не үшін жөнелтіледі — Министрлік түсіндірді

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстан аумағында әскери техника мен жеке құрам тиелген пойыздар қозғалады. Қорғаныс министрлігі бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ресейде өтетін жоспарлы оқу-жаттығуларына байланысты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ведомство мәліметінше, 24 қыркүйек – 3 қазан аралығында Ресей аумағында ҰҚШҰ-ның «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу-2026» және «Эшелон-2026» оқу-жаттығулары өтеді.
Оқу-жаттығуларға дайындық және оларды өткізу кезінде, яғни 21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстан аумағынан Ресейдің Челябі облысындағы Мисящ стансасына дейін және кері бағытта әскери техника мен жеке құрам теміржол арқылы тасымалданады.
«Оқу-жаттығулар барысында далалық сабақтар өткізіліп, оның аясында шеру дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады», — делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Ведомство аталған іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бекітілген жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес өткізілетінін атап өтті. «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қорғаныс министрлігі әскери техника қозғалысына байланысты әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарауы мүмкін екенін ескертіп, азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздердегі мәліметтерге сүйенуге шақырды.
«Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен және әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерді ғана назарға алуды сұраймыз», — деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ ведомство жалған және шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қырғызстаннан Ресейге әскери техника тиелген пойыз жөнелтіліп жатқаны туралы видео тараған еді. Алайда Қырғызстанның Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, видеодағы әскери техниканың Ресейге жіберіліп жатпағанын мәлімдеді.


