Каспийдегі қайғылы жағдай: желіде ескі видео мен блогерлерге қарсы манипуляциялық жазбалар тарап жатыр

Коллаж: Nofake.kz
24-ші қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар қорғаны» 2026» әскери-теңіз оқу-жаттығуы барысында 14 сарбаз суға батып кетті. Әлеуметтік желіде күмәнді парақшалар дәл осы қайғылы жағдайды пайдаланып, ескі видеоларды қайта жариялап және блогерлерге қарсы манипуляциялық жазба таратып жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.
Қаспийдегі қайғылы жағдай: Оқиғаға блогерлердің қандай қатысы бар?
Каспийдегі 14 әскери қызметкер өлімінен кейін, әлеуметтік желіде отандық блогерлерге қарсы жазба көбейді. Желі қолданушыларының бірқатары олар осындай сәтте елмен бірге қайғырып, желідегі жеке парақшаларында әскерилердің қазасы жайлы пікір жазуы керек деп есептейді.

Қазақстандық блогерлер расымен қайғылы жағдайда үнсіз қалып жатыр ма?
Threads-тегі қайғылы оқиғаға қатысты жазбаларды зерттегенімізде, желіде миллиондаған оқырманы бар блогерлердің тізімін де көрдік.

Олардың кейбірінің аккаунтына кіріп, тексергенімізде, блогерлдер қайғылы жағдай туралы пост жазғанын, ал, көпшілік манипуляцияға еріп отырғанын байқадық.

Threads-тегі жалған аккаунттар: боттар халықты неге шақырып жатыр?
Қайғылы жағдайды пайдаланып, желіде түрлі жалған аккаунттар ашып, манипуляциялық посттармен көпті дүрліктірген жазбалар да аз емес. Олардың кейбірі, тіпті, адамдарды митингке шақырған. Алайда, аккаунттың өзіне кіргенімізде, оның атауы күмән келтіретінін, жазба авторының суреті де жоқ екенін көреміз.

Сондай-ақ, мұндай парақшаларда тек митинг туралы жалғыз жазба жарияланған және олар жақында ашылған жалған аккаунт екенін байқадық.

Яғни, көпшілікті дүрліктіріп, түрлі манипулятивтік пост жазып отырған – боттар болуы мүмкін.
Ескі видеолар мен дипфейктер: олардың мақсаты не?
Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, Каспийдегі қайғылы оқиғаны пайдаланып, ескі видеоларды қайта жариялаған аккаунттарды да байқадық. Мәселен, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың халық арасында тұрып, сөз сөйлеп жатқан видеосы тарады. Алайда, бұл – ескі видео.

Одан бөлек, желі қолданушылары әскерилер қазасына қатысты түрлі дипфейк видеолар таратып жатыр. Роликтердегі адамдардың ЖИ көмегімен жасалғанын, ҚР Қорғаныс министрі марқұмдардың аты-жөнінің тізімін шығарғанымен, олардың суретін жарияламағанын еске саламыз.
Түйін
Осылайша, Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде шынайы ақпаратпен қатар ескі видеолар, жалған аккаунттар мен жасанды интеллект арқылы жасалған материалдар да тарап жатыр. Кейбір жазбалар блогерлерді үнсіздік танытты деп айыптаса, енді бірі қоғамды митингке шақыруға дейін барған. Сондықтан қайғылы оқиға кезінде әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратқа бірден сенбей, оның дереккөзін, жарияланған уақытын және түпнұсқалығын тексеру маңызды. Ресми ақпаратты тек мемлекеттік органдардың расталған дереккөздерінен алған жөн.


