Шымкент әуежайында жалған жарылғыш туралы хабарлаған жолаушы қамауға алынды

Фото: Polisia.kz
Шымкент әуежайында мас күйдегі жолаушы багажында жарылғыш зат бар екенін айтып, жауапкершілікке тартылды. Сот оған 5 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Оқиға 21 қыркүйекте Шымкент–Астана рейсіне тіркелу кезінде болған. Алкогольдік ішімдік ішкен ер адам багажында «жарылғыш құрылғы» бар екенін мәлімдеген.
«Әуе компаниясының өкілдері жолаушыны дереу рейстен түсіріп, көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды. Тексеру барысында ақпарат расталмады – ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ», – делінген хабарламада.
Оқиғаға байланысты әуежайда эвакуация жүргізілмеген. Тексеру қорытындысы бойынша ер адам қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды. Көліктегі полиция департаменті мұндай сөзді әзіл ретінде айтудың өзі жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
«Адамның зиян келтіру ниеті болмаса да, мұндай мәлімдемелер заңда белгіленген тәртіппен қаралып, жауапкершілікке әкеп соғады», – деп ескертті полиция.
Әуежай мен басқа да көлік нысандарында қауіпсіздікке қатер төндіретін мәлімдемелерге, оның ішінде жарылғыш зат туралы жалған ақпаратқа да тиісті құқықтық баға беріледі. Айта кетейік, бұған дейін біз ұшақта қандай сөздер айтуға болмайтынын жазған болатынбыз.


