NoFake

Қаңғыбас үй жануарлары туралы жаңа заң: не өзгереді

Фото: depositphotos

Елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Nofake.kz құзырлы ведомстводан аталған заңдағы өзгерістерді сұрап білді.

Естеріңізде болса, бұған дейін желіде аталған заңға қатысты сұрақтар жиі қойылатын еді. Онда жазба авторы аталған Заң сот шешімінсіз үй жануарларын тәркілеуді, құтыруға қарсы вакцинацияны тоқтатуды және жануар иелерінің жауапкершілігін толық алып тастауды көзделгені айтады. Аталған заңда расымен осындай өзгерістер енгізіле ме? ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті аталған заңға қатысты өзгерістерді түсіндірді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бүгінде халық тарапынан қаңғыбас иттердің көбейіп кетуіне және тістеу оқиғаларының артуына байланысты шағымдар мен наразылықтар көбейген. Осыған орай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бастама көтерген.

«Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары бұрын қабылданған аулау, вакцинациялау, зарарсыздандыру және қайта жіберу нормасына мүлдем сәйкес келмейтін, қаңғыбас жануарларды қайтарымсыз аулау нормасын ұсынды», — делінген хабарламада.

Заңда қандай шетел мемлекеттерінің тәжірибесі зерттелді?

Министрлік аталған Заңға өзгерістерді енгізу барысында халықаралық тәжірибеге сүйенгенін атап өтті. Министрлік мәліметінше, мұндай шаралар әлемнің Норвегия, Исландия, Франция, Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия, Швеция, Дания, Канада, Жаңа Зеландия, Португалия, Румыния, Бельгия, Жапония сынды сынды алпауыт елдерінде қолданылады.

«Халықаралық тәжірибені сараптау барысында дамыған елдерде қаңғыбас жануарлар популяциясын бақылаудың негізгі стратегиясы — қайтарымсыз аулау екенін көрсетті. Жоғарыда аталған елдерде егер белгіленген уақыт ішінде ауланған иттің иесі анықталмаса, онда ол сатылуы, панажайға жіберілуі немесе мәңгіге ұйықтатылуы мүмкін», — делінген хабарламада.

Сонымен бірге минстрлік мамандары The Humane Society of the United States (HSUS) және People for the Ethical Treatment of Animals (PETA) сияқты ірі ұлттық жануарларды қорғау ұйымдары көп жағдайда жануарларды ауруға, аштыққа және өлімге душар етіп көшеде қалдырғаннан гөрі, оны ұйықтату гумандық тұрғыдан дұрыс екенін айтқан.

Фото: Freepik.com

«Соның бәрін ескере келе, елімізде қазіргі таңда қаңғыбас жануарларға қатысты қолданылып отырған шаралар жүйесі, яғни оларды өмір сүретін ортаға қайтаруды көздейтін жүйе, халықтың қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін көрсетті. Яғни, қаңғыбас жануарлардың «аулау – зарарсыздандыру – вакцинация – қайта жіберу» принципі оларды қайта өмір сүретін ортаға жіберу тұрғысынан тиімді емес екенін көрсетті», — делінген хабарламада.

Мамандар, бұл ретте карантиндік шаралар мен стерилизациядан кейін қаңғыбас жануарлар көбінесе топтасып жүретінін, азық табу немесе өмір сүретін ортасын қорғау кезінде агрессия көрсететінін, тіпті адамды қауіп көзі ретінде қабылдайтынын айтады.

«Осылайша, қаңғыбас жануарлар жол-көлік апаттарына себеп болып, үй жануарларына шабуыл жасайды және жануарлар әлеміне зиян келтіреді», — дейді мамандар.

Жаңа заңда қандай өзгерістер қарастырылған?

Парламент Мәжілісінің депутаттары ұсынған өзгерістер ауланған үй жануарларын панажайларда немесе уақытша ұстау орындарында ұстауды көздейді. Мысалы, қаңғыбас жануарлар үшін – 5 күн, ал қараусыз қалған жануарлар үшін – 60 күн. 

«Десе де заң жобасы жануарларды күштеп өлтіруді міндетті процедура деп қарастырмайды. Ол осы мерзім ішінде ауланған жануарлар жануарларды қорғау ұйымдарына, жеке панажайларға немесе басқа жеке және заңды тұлғаларға беріліп, жануарларға гумандық қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — делінген министрлік түсіндірмесінде.

Бұл ретте, ведомство тек аталған мерзім аяқталған соң ғана, жануарларды қорғау ұйымдары немесе басқа тұлғаларға қажетсіз болып қалған жануарларға эвтаназия қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.

Аталған заңдағы тағы бір өзгеріс — мысық пен иттерді міндетті түрде идентификациялау құралы ретінде чипті қолдану жөніндегі түзету болды.

«Иелері бар (үй жануарлары) иттер мен мысықтар үшін чип – бірден-бір есепке алу (идентификация) құралы болуы тиіс, себебі басқа кез келген құрал алынуы немесе басқа жануарға қойылуы мүмкін және сканерлеу арқылы жануардың мәртебесін (иесі бар, қаңғыбас), барлық ветеринарлық шаралардың жасалғанын (вакцинация, кастрация және т.б.) анықтауға мүмкіндік бермейді», — деді мамандар.

Заңға енгізілген тағы бір түзету — үй жануарларын тек тіркеген соң ғана оны өсіруге рұқсат алу. Бұл түзету тек үй жануарларын қолда ұстайтындар мен кинологиялық клубтардың қызметін ғана емес, сонымен қатар үй жануарларын өсіру, бағып-қағумен айналысатын барлық жеке және заңды тұлғаларды қамтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ мысықтар мен иттерді міндетті идентификация құралы ретінде чиппен қамтамасыз ету жөніндегі депутаттар ұсыныстарымен сәйкес келеді.

Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге жауапкершілік күшейді ме?

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Заң жобасын талқылау аясында жұмыс тобы жануарларға қатыгездік көрсету және өз бетінше серуендеу үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер ұсынғанын мәлімдеді. Осылайша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 407-1-бабында жеке тұлғалар үшін айыппұл 20 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін, ал лауазымды тұлғалар үшін 40 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.

«407-2-бапта жануарларды панажайға орналастыруға дейін олардың күтімін орындамау, үй жануарларын, оның ішінде иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін жануарларды ұстау тәртібін бұзу, сондай-ақ үй жануарларын ұстау және серуендету арқылы жеке тұлғалардың денсаулығы немесе мүлкіне зиян келтіру үшін жауапкершілік қарастырылған», — делінген хабарламада.

Сонымен бірге, министрлік мәліметінше Қылмыстық кодекстің 316-бабына қатыгездік көрсету үшін айыппұл мөлшері 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылу ұсынылуда. Қазіргі таңда Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісімен қаралып жатыр.

Оқу үшін