Қытайда гуманоидты роботтарға «төлқұжат» беріледі

Фото: Depositphotos
Қытайдың Хубэй провинциясындағы адам тәріздес, яғни гуманоидты роботтарға жеке куәлік нөмірлері беріледі, деп хабарлайды NoFake.kz қытайлық Hubei China порталына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша бұл бастама роботтардың зауыттан шыққаннан бастап, утилизацияға кеткенге дейінгі бүкіл өмірлік циклін қадағалауға және құқықтық жауапкершілікті нақтылауға бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам нарықтың ретсіз өсуін тізгіндеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне жол ашады.
29 таңбалы «Төлқұжат»: Ішінде не бар?
Роботтарға берілетін бірегей нөмір 29 таңбадан (сандар мен ағылшын әріптерінен) тұрады. Бұл Қытай азаматтарының ID-картасынан 11 таңбаға ұзағырақ. Осы кодтың ішіне өндіруші мемлекет, бренд, компания, өнімнің моделі, сериялық нөмірі, аппараттық параметрлері мен интеллект деңгейі сияқты ең маңызды ақпараттардың бәрі кодталып жазылады.
Бұл жай ғана статистикалық мәліметтер жиынтығы емес. Басқару платформасы арқылы роботтың буындарының тозу деңгейін, батареясының күйін және оның жұмыс істеу дәлдігін нақты уақыт режимінде бақылап отыруға болады.
Ухань қаласындағы Хубэй гуманоидты роботтар инновациялық орталығының операциялық директоры Лю Чуаньхоу бұл жүйенің маңыздылығын түсіндірген.
«Егер робот бұзылып қалса, біз оның бірегей идентификаторы арқылы пайдалану журналдары мен техникалық қызмет көрсету жазбаларын тексере аламыз. Бұл ақаулықты табуға, жауапкершілікті анықтауға және жөндеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді», — дейді Лю мырза.
Сонымен қатар, бұл жүйе роботтарды қайта сату нарығын жеңілдетпек. Жаңа иесі роботты қайтадан уақыт шығындап сынақтан өткізбей-ақ, оның ID-коды арқылы бүкіл сипаттамасы мен қызмет көрсету тарихын көре алады.
Роботтар өндіріске және күнделікті өмірге тереңдеп енген сайын, олардың пайдалану қауіпсіздігі, деректерді қорғау және этикалық нормаларға сәйкестігі төңірегінде тәуекелдер көбейеді.
«Қауіпсіздік мәселесі немесе деректердің тарап кету қаупі туындаған жағдайда, идентификациялық нөмір үрдісті жылдам қадағалау мен жауапкершілікті растауды қамтамасыз ете алады. Бұл технологияларды теріс пайдалану мен ақпараттың тарап кетуінің алдын алуға көмектеседі», — дейді жоба жетекшісі Лю Чуаньхоу.
Басылым мәліметіне сәйкес, Қытайда 2025 жылы әлем бойынша гуманоидты роботтарды жеткізу көлемі шамамен 17 000 данаға жетіп, нарық көлемі 2,88 миллиард юаньға ($424 млн) теңескен. Қазір бұл салада Қытай әлемде көш бастап тұр. Әлемдік нарықтағы роботтардың 84,7%-ы, яғни 14 400 данасы сонда өндірілген.


