NoFake

ЖИ-сериалдар мен лайфхактардың мазмұнына заң алдында кім жауапты

Коллаж: NoFake.kz

Қазір ЖИ кез келген контентті оңай жасап береді. Алайда оның артында нақты құқықтық жауапкершілік тұр, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұрын көрермен назарына ұсынылатын кез келген аудио, бейне контент көркемдік кеңестен өтетін. Ал қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «айқайлап жатқан қырыққабат», «өзін дұрыс пайдалану жайлы нұсқаулық айтып жатқан ас содасын» немесе «банан мен мандариннің махаббат хикаясын» тамашалауға болады.

Скрин: Әлеуметтік желідегі видеолардан

Ондай роликтерді кез келген адам ЖИ-құралдардың көмегімен жасай алады. Тіпті бірнеше роликпен аты шыққан, оқырманы көп қолданушылар арасында бұл саланы өзге адамдарға үйрететін курс ашып, нәпақы тауып жүргендер де баршылық.

Скрин: ЖИ-креатормен диалогтан

ЖИ құқық субъектісі емес: Жауапкершілік тізбегі

ЖИ әзірлеген контенттің мазмұнына заң тұрғысынан оны әзірлеген адам жауапты, дейді ЖИ саласына маманданған заңгер Әсел Иманғалиева.

«Мен Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашевпен бірлесіп жазған «Жасанды интеллектінің құқық субъектілігі мәселелері. Қазақстандағы жасанды интеллектінің жауапкершілігі» атты мақаламыз және Еуропа Кеңесі зерттеуінің (MSI-AUTO)  материалдары негізінде жауап беремін. Жасанды интеллект құқық субъектісі емес, ол тек құрал. Сондықтан оның нәтижесіне  жауапкершілік «жасаушы – иеленуші – пайдаланушы» тізбегі бойынша, олардың жүйені пайдаланудағы рөліне қарай бөлінеді. Бұл жердегі Пайдаланушы – бұл біз бен сіз, яғни жасанды интеллектіні қолданатын адамдар. Ал иеленуші, меншік иесі  — бұл жүйе тиесілі тұлға», — деп нақтылады заңгер редакциямызға берген жауабында.

Заңгердің пікірінше, ЖИ арқылы жасалған контентке жауапкершілік артылатын тұлға сценирийдің өрбуіне байланысты өзгеруі мүмкін.

«Егер сіз ЖИ-боттың кеңесін дұрыс орындап, бірақ жүйенің өз ақауынан, қате модель, дұрыс емес деректер салдарынан зардап шексеңіз, жауапкершілік ЖИ иесіне жүктеледі. Жүйені жасаған, оны нарыққа шығарған және одан пайда көріп отырған тұлға болғандықтан,  оның кемшіліктері үшін де сол жауапты. Ал егер адам ЖИ ескертулерін елемей, лайфхакты қауіпті жағдайда қолданса, жауапкершілік пайдаланушының өзіне ауысады», — дейді Әсел Иманғалиева.

ЖИ-контентті таңбалау: Жаңа міндеттеме

2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап ЖИ туралы заңның 21 бабына сәйкес елімізде кез келген синтетикалық контентті, яғни ЖИ көмегімен жасалған сурет, видео, мәтінді таңбалау – міндетті талап. Бұл аудиторияны алдап-арбаудан қорғау үшін жасалған амал.

«Іс жүзінде бұл қосарланған таңбалауды білдіреді: техникалық (машина оқи алатын нысандағы метадеректер – су белгілері, кірістірілген белгілер және т.б.); визуалды (пайдаланушыға көрінетін белгі, плашка, жазу). Бұл талап ЖИ көмегімен жасалған немесе айтарлықтай өзгертілген кез келген синтетикалық контентке (кескіндер, видео, аудио, мәтіндер) қатысты. Бұл ретте таңбалау үшін жауапкершілік соңғы пайдаланушыларға емес, ЖИ жүйелерінің меншік иелері мен иеленушілеріне жүктеледі», — дейді маман.

Бұл әрбір ЖИ-видеода немесе суретте соны растайтын, көзге көрінетін арнайы белгі – «плашка» болуы шарт деген сөз. Сонымен қатар, ЖИ туралы заң азаматтардың санасына жасырын әсер етуге, манипуляция жасауға тыйым салады.

«Егер таңбаланбаған шынайы көрінетін ЖИ-контент жұртшылықты әдейі адастыру немесе қоғамдық пікірге манипуляция жасау мақсатында қолданылса, мынадай қосымша құқық бұзушылық құрамдары іске қосылады:

— ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) БАҚ немесе ғаламтор арқылы қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жаза ретінде бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған. Жалпы алғанда, ЖИ туралы Заң азаматтарға санадан тыс, манипулятивтік немесе өзге де ықпал ету әдістерін қолданатын ЖИ жүйелерін жасауға және пайдалануға тікелей тыйым салады (Заңның 15-бабы)», — деп ескертті заңгер.

Бұл әсіресе әр түрлі сюжеттік шағын ЖИ-сериалдар, ЖИ-контент жасаушылар, қазіргі тілмен айтқанда «AI-creator» мамандарына қатысты. Өйткені өмірден алынған оқиғалар негізінде ChatGPT арқылы сценарий жазып, соның негізінде бейнеролик әзірлеп, оны әлеуметтік желідегі аудиторияға ұсынғанда байқампаздық танытқан абзал.

Заң бұзғандарды қандай жаза күтеді?

«Егер ЖИ-контентте тиісті белгі болмаса немесе ол жалған ақпарат таратуда қолданылса, ҚР ӘҚБтК-нің 641-1-бабы бойынша жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 тг), Шағын кәсіпкерлікке 20 АЕК (86 500 тг), Орта кәсіпкерлікке 30 АЕК (129 750 тг), Ірі кәсіпкерлікке 100 АЕК(432 500 тг) көлемінде айыппұлдар қарастырылған», — дейді заңгер.

Егер ЖИ-контент, мысалы, дипфейк делік, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе біреуге қасақана зиян келтіру үшін қолданылса, оны жасаушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес Көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Демек, бұдан былай «мұны мен емес, робот жасады» деген сылтау жүрмейді. Әрбір лайк пен репосттың артында нақты құқықтық жауапкершілік тұр.

Оқу үшін