Жалған тур сатқан қазақстандық ШҚО тұрғындарын 20 млн теңгеге алдады

Фото: Depositphotos
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы шетелге тиімді бағамен жолдама ұсынып, ондаған адамды алдаған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Тергеу мәліметінше, әйел адам «Travel the world» атты туристік фирма ашып, Instagram және өзге де платформаларда БАӘ, Египет пен Түркияға ерте брондау арқылы арзан турлар сатылатынын жарнамалаған.
Алайда кейін белгілі болғандай, ұсынылған жолдамалардың бір бөлігі шын мәнінде болмаған. Соның салдарынан 13 адам ақшасынан айырылып, келтірілген шығын көлемі 20 миллион теңгеге жеткен.
Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған.
Кейін апелляциялық сот «Рақымшылық жасау туралы» заңды қолданып, жаза мерзімін 4 жылға дейін қысқартқан. Бірақ прокуратура бұл шешіммен келіспей, кассациялық наразылық енгізген. Нәтижесінде жоғары сатыдағы сот апелляция қаулысын өзгертіп, сотталушының жаза мерзімін қайтадан 5 жылға ұзартты.
Айта кетейік, бұған дейін туроператор алаяқтарына алданбаудың жолдары туралы жазған болатынбыз.


