Сайлау туралы жалған ақпаратқа қандай жауапкершілік пен жаза қарастырылған

Коллаж: MidJourney
Әлеуметтік желілерде фейк аккаунттар арқылы сайлауға қатысты жалған ақпарат тарататындар бар. NoFake.kz Қазақстан заңнамасында мұндай әрекет үшін қандай жауапкершілік пен жаза қарастырылғанын қарап көрді.
Қай кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылады?
Сайлау кезінде кандидаттар немесе саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәлімет тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
«Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату немесе сайлаудың нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасау», – деп жазылған кодексте.
Яғни бұл норма нақты кандидаттар мен саяси партияларға қатысты жалған мәліметтерге қолданылады. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен БАҚ-та кандидаттың немесе партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін ақпарат жариялағаны үшін ӘҚБтК-нің 112-бабы бойынша жеке тұлғаларға – 20 АЕК, лауазымды адамдарға – 30 АЕК, заңды тұлғаларға 50 АЕК айыппұл қарастырылған.
Қай кезде қылмыстық жаза қолданылады?
Егер көрінеу жалған ақпараттың салдары немесе қаупі елеулі болса, мәселе қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін.
«Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату», – деп көрсетілген Қылмыстық кодекстің 274-бабында.
Мұндай әрекет үшін 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Түйін
Демек, кандидат немесе саяси партия туралы көрінеу жалған мәлімет тарату әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал жалған ақпарат қоғамдық тәртіпке немесе азаматтардың, ұйымдардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудырса, қылмыстық жаза қолданылуы ықтимал. Бұл ретте әлеуметтік желідегі кез келген қате ақпарат автоматты түрде құқық бұзушылық немесе қылмыс болып саналмайды. Заңда ақпараттың көрінеу жалған, яғни оның жалған екенін біле тұра таратылуы маңызды.
Бұған дейін Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында әлеуметтік желілерде «сайлауға қатыспаған азаматтарға салық салынады» деген ақпараттың рас-өтірігін тексерген едік. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сайлау кезінде журналистер мен блогерлердің құқықтарына қатысты берген түсінігін жариялаған болатынбыз.


