Балаева сайлау кезінде журналистер мен блогерлердің құқығына қатысты түсінік берді

Фото: primeminister.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистер, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты туындаған мәселелерге түсінік берді.
Ол журналистер мен блогерлердің заң аясында фото және видео түсіруге құқығы бар екенін атап өтті.«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және видеоға түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы. Адамның келісімінсіз түсірілім жасауға да бірқатар жағдайда рұқсат етіледі.
«Журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз мынадай үш жағдайда түсірілім жүргізе алады: егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса; егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда; егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса», – деді Аида Балаева.
Министр сайлауалды науқан кезінде бірқатар БАҚ, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін», – деді министр.
Балаева заңсыз контентпен күрес кезінде заңды түрде айтылған пікір мен кәсіби журналистік қызметті шектеуге жол берілмеуі керек екенін де атап өтті. Сонымен қатар журналистер мен блогерлер тарататын ақпараттың анықтығын тексеріп, масс-медиа, онлайн-платформалар және сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға тиіс екенін еске салды. Айта кетейік, бұған дейін біз дауыс беру бюллетенін фото-видеоға түсіріп, желіде жариялауға бола ма деген мәселені түсіндірген едік.


