Шибөрі бағдаршам батырмасын өзі баса алады — аңның жалған фотосы тарады

Скрин ғаламтордан. Сапасы өңделген
Әлеуметтік желілерде Аризона штатында шибөрінің бағдаршамды өзі қосып, жаяу жүргіншілер өткелінен ереже бұзбай өтетіні туралы тараған фото шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды NoFake.kz шетелдік Snopes-қа сілтеме жасай отырып.
Соңғы уақытта Facebook пен YouTube желілерінде қысқа ролик кеңінен тараған. Авторлардың айтуынша, оқиға Пейсон қаласының маңындағы 87-ші тасжолда болған.
Аң 6 айда жолдан 147 рет өткен. Ол артқы аяғына тұрып, жаяу жүргіншілер түймесін басады екен. Тіпті оқиғаға қатысты биологиялық зерттеушілердің «бұл кездейсоқтық емес» деген ойдан шығарылған дәйексөздері де жарияланған.
Алайда бұл ақпарат толығымен жоққа шығарылды. Сарапшылардың тексеруі бұл фотоның жасанды интеллекпен жасалғанын анықтады. Редакцияның мәліметінше, бұл кадрлар нейрожелі арқылы әдейі жасалған.
«Қорытындылай келе, жедел тексеру барысында суреттің қолдан жасалғаны, ал тараған қауесеттің жалған екені анықталды. Біреу суретті жасау үшін, сондай-ақ ойдан шығарылған оқиғаны жазу үшін де жасанды интеллект құралын қолданған», — деп жазады басылым.
Жергілікті ақпарат агенттіктері мен жаңалықтар сайттарында бұл туралы ешқандай мәлімет жарияланбаған. Мамандар мұндай фейктер желіде қаралым мен лайк жинау мақсатында әдейі таратылатынын еске салып, азаматтарды тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырады.


