Желіде тараған 12 тамыздағы толық күн тұтылуының фотолары рас па

Фото: perma.cc
12 тамызда Еуропаның кейбір бөлігінде толық Күн тұтылуы байқалды. Осыдан кейін X, Facebook, Instagram және Threads желілерінде Ұлыбританиядағы Стоунхендж үстінде түсірілді деген суреттер мыңдаған қаралым жинаған.
Reuters.com жазуынша, Ұлыбритания сол күні толық күн тұтылуы байқалған аумаққа кірмеген. NASA деректеріне сәйкес, ел толық тұтылу жолағынан тыс орналасқан. Ұлыбританияда ай күннің шамамен 90-96 пайызын жапқан жартылай күн тұтылуы ғана байқалды.
Мұны Стоунхенджге жауапты English Heritage ұйымы жариялаған видео да растайды. Сол күні тарихи ескерткіш маңында түсірілген кадрларда күннің толық емес, жартылай тұтылғаны көрінеді.
Reuters желіде тараған фотоларды арнайы құралдармен де тексерген. Google-дың SynthID жүйесі бірнеше суреттен генеративті ЖИ көмегімен жасалған контентке енгізілетін жасырын сутаңбаны анықтады. Тағы бір суретті тексеру оның да жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы ықтимал екенін көрсеткен.
Айта кетейік, Ұлыбританияда бұған дейінгі толық күн тұтылуы 1999 жылғы 11 тамызда болған. Бұған дейін біз әлеуметтік желілерде «2026 жылғы 12 тамызда жер жеті секундқа тартылыс күшін жоғалтады» деген ақпаратты тексерген едік. NASA бұл мәлімдемені жоққа шығарып, күн тұтылуы жердің тартылыс күшіне әсер етпейтінін түсіндірген


