NoFake

12 тамызда жер 7 секундқа тартылыс күшін жоғалтатыны рас па

Фото: Canva

Әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 12 тамызда Жер жеті секундқа тартылыс күшін жоғалтады деген ақпарат тарап жатыр. Жазба авторлары осы бірнеше секундтың өзі әлемде үлкен апатқа әкеледі деп мәлімдейді. Тіпті ондаған миллион адам қаза табуы мүмкін деген болжам айтылған.

Ақпаратқа сенсек, NASA бұл құбылыс туралы бірнеше жылдан бері біледі. Бірақ халықтан жасырып отыр. Бұған дәлел ретінде «Project Anchor» («Якорь жобасы») деп аталатын құпия құжат көрсетіледі.

Snopes фактчекерлері бұл ақпаратты тексерді. NASA да ресми түсініктеме берді.

«Құпия құжатта» не айтылған?

Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде 2026 жылдың басынан бері таралып келеді.

Жазбаларда NASA-ның «Project Anchor» атты құпия құжаты 2024 жылғы қарашада интернетке тарап кеткені айтылады. Құжатта 2026 жылғы 12 тамызда Жердің тартылыс күші 7,3 секундқа жоғалатыны жазылған-мыс. Оған дайындалу үшін NASA 89 миллиард доллар бөлген деген ақпарат та бар.

«12 тамызда әлем жеті секундқа тартылыс күшін жоғалтады. NASA бұл туралы біледі. Олар дайындалып жатыр, бірақ себебін бізге айтпайды», – делінген әлеуметтік желідегі жазбалардың бірінде.

Фейк авторлары оқиғаның нақты уақытын да көрсеткен. Олардың сөзінше, «аномалия» 12 тамызда сағат 14:33-те UTC уақытымен басталады. Ақпарат Instagram-нан бөлек Facebook, TikTok, Threads, Bluesky және X желілеріне тараған.

NASA не дейді?

NASA бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Агенттік өкілі Snopes редакциясына Жер 12 тамызда тартылыс күшін жоғалтпайтынын айтқан.

«Жер 2026 жылғы 12 тамызда тартылыс күшін жоғалтпайды. Жердің гравитациясы оның массасына байланысты. Жер тартылыс күшінен айырылуы үшін бүкіл жүйе, яғни ядро, мантия, жер қыртысы, мұхиттар, су мен атмосфера өз массасын жоғалтуы керек», – деп түсіндірді NASA өкілі.

Яғни Жердің тартылыс күші бірнеше секундқа жай ғана «өшіп» қалмайды. NASA тағы бір маңызды жайтқа назар аударған. 12 тамызда шынымен ғарыштық құбылыс болады. Бірақ оның гравитацияның жоғалуына қатысы жоқ. Бұл күні толық Күн тұтылуы болады.

«Толық Күн тұтылуы Жердің гравитациясына әдеттен тыс әсер етпейді. Күн мен Айдың Жерге гравитациялық әсері жақсы зерттелген және оны ондаған жыл бұрын болжауға болады», – деп хабарлады агенттік.

Демек желідегі фейк авторлары нақты болатын астрономиялық құбылысты ойдан шығарылған сценариймен байланыстырған. 2026 жылғы 12 тамызда толық Күн тұтылуы болады. Бұл – ғалымдар алдын ала есептеп қойған қалыпты астрономиялық құбылыс. күн тұтылған кезде ай күн мен жердің арасына келеді. Соның салдарынан жердің кейбір аумағында күн толық немесе жартылай жабылып көрінеді.

Оның жердің тартылыс күшін жеті секундқа «өшіруі» мүмкін емес. Сондықтан әлеуметтік желілердегі «NASA апатқа жасырын дайындалып жатыр», «Жер жеті секундқа гравитациясыз қалады» және «Project Anchor құжаты жария болды» деген ақпараттардың ғылыми негізі жоқ.

Қорыта айтсақ, 2026 жылғы 12 тамызда жер тартылыс күшін жоғалтпайды. NASA мұндай сценарийді жоққа шығарды. «Project Anchor» атты құпия жоба туралы сенімді дерек те жоқ. Ал осы күні болатын толық күн тұтылуы жердің гравитациясына ерекше әсер етпейді.

Оқу үшін