NoFake

TikTok-та жалған жол апаты туралы жазған петропавлдыққа айыппұл салынды

Фото: Depositphotos

Петропавл қаласының тұрғыны TikTok-та велосипедші қатысқан жол-көлік оқиғасы туралы жалған ақпарат таратқан. Сот жарияланымды құқық бұзушылық деп танып, авторға 86 500 теңге айыппұл салды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты TikTok-та жол-көлік оқиғасы туралы жалған ақпарат жариялаған қолданушыға қатысты істі қарады.

Сот мәліметінше, тамыз айында ер адам көлік жүргізушісі велосипедшіні қағып кеткені туралы жазба жариялаған. Автор зардап шегушінің ауыр жарақат алғанын, жедел жәрдем көлігінде жатқанын және өздігінен қозғала алмайтынын жазған.

Алайда бұл ақпарат расталмады. Сот анықтағандай, велосипедшіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген, кейін оны ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Бұдан бөлек, велосипедшінің өзіне жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.

«Көрсетілген ақпарат шындыққа сәйкес келмеді. Велосипедшіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді, содан кейін оны ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ», — деп хабарлады сот.

Іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, оқиғаға қатысушының өтініші мен түсініктемесі, сондай-ақ бейнежазба дәлел ретінде ұсынылған.

М. өз кінәсін мойындап, ұсынылған дәлелдерге қарсылық білдірмеген.

Сот TikTok қолданушысын ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл норма онлайн-платформа қолданушыларының қоғамдық тәртіпті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін немесе қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы және таратуы үшін жауапкершілікті көздейді.

Жалған ақпарат таратқаны үшін сот ер адамға 20 АЕК — 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Оқу үшін