NoFake

Канье Уэст концертін кейінге шегеру: алынған билеттердің ақшасын қайтаруға бола ма

Коллаж: Nofake.kz

Желіде Алматыда 14-ші тамызға жоспарланған Канье Уэст концертінің билеттерін қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Көпшілік концерттің бір күнге кейінге шегерілгеніне, салдарынан кей жанкүйерлердің билетті қайтаруға мәжбүр болғанын жазған. Заңда ол үшін не көзделген? Nofake.kz зерттеп көрді.

Желі неге шулады?

Әлеуметтік желі қолданушылары әсіресе 14-ші тамыз күні күннің қолайсыздығына байланысты, концерт кейінге шегерілсе де, сол күннің өзінде концерттің тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанына наразылық білдірген. Олар билетті қайтарып, оған кеткен қаражатты да қайтару мәселесін көтеріп жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желі

Концерт кейінге шегерілді: билет ақшасын қайтарып алуға бола ма?

ҚР тұтынушылар қауымдастығы РЗТБ төрағасының орынбасары Тұрсын Баткенқызы мұндай жағдайда заңда не көзделгенін түсіндіріп берді.

«Концерт дегеніміз не? Сіз тұтынушы ретінде билет ақшасын төлейсіз, бірақ концертті ертеңге шегереді. Оны форс-мажор ретінде көрсетеді. 18 м/c жел, күннің күркіреуі — ол форс-мажор емес. Оны 14-інен 15-іне ауыстыру мүлдем заңсыз болып саналады», — деді ол.

Екіншіден, заңгер «Тұтынушылар құқығын қорғау» заңында «үстем жағдайды пайдалануға болмайды» деген ұғым бар екенін атап өтті.

«Азаматтық кодекстің» 683-ші бабында концертті ұйымдастырушы, яғни қызмет көрсетуші концертті айтқан күнде өткізу керек. Ал, концерт өтпесе ол тұтынушының құқығын бұзған болып саналады. «Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы Заңның 8-ші бабы мен Азаматтық кодексте ол нақтыланған», — деді ол.

Сондай-ақ ол, Тұтынушылар құқығын қорғау туралы Заңның 686-шы бабына сәйкес, әр тұтынушы қызмет көңілінен шықпаса, әр мерзімде келісімшартты бұзып, ақшасын қайтарып алуға құқығы бар екенін атап өтті.

«Қысқаша айтқанда, әр тұтынушы билеттің ақшасын қайтарып алуға толық құқығы бар», — деді ол.

Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажор жағдай ма?

«Форс-мажор дегеніміз — жер сілкінісі, қатты дауыл сияқты төтенше жағдай, апат болуы мүмкін. Немесе көтеріліс сияқты жағдай болған жағдайда ғана, ол форс-мажор болып саналады. Азаматтық Кодекстің 359-шы бабында, төтенше жағдай, форс-мажордың не екені нақты жазылған. Ал, жаңбыр, жел, найзағай ол форс-мажорға жатпайды», — деді ол.

Сонымен бірге, сарапшы ауа-райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай болған кезде, алдын-ала хабарлама жіберілетінін айтты.

«Ондай хабарлама мемлекеттік органдардың ешқайсысынан келмеген, форс-мажор жағдайын айтып отырған тек қана концерт ұйымдастырушылары. Жаңбыр, 18 м/с жел — төтенше жағдай емес. Ол тек ұйымдастырушылардың мұндай ауа-райына дайын болмағанын көрсетеді. Сондықтан барлық жауапкершілік ұйымдастырушылардың мойнында, ал концертке қатыспаған әр тұтынушының билетінің ақшасы қайтарылып берілуі тиіс», — деді ол.

Концертке өзге қаладан келген көрермендер ұшақ, пойыз билеті, қонақүй шығындарын ұйымдастырушыдан талап ете ала ма?

«Тұрақсыздық айыбы және шығын деген ұғым бар. Әр тұтынушы алған билеті, қонақүй ақшасы, басқа шығындарын ұйымдастырушыдан талап етуге құқығы бар. Азаматтық Кодекстің 293-ші бабында тұрақсыздық айыбын қалай, не мақсатта талап етілетіні айтылады. Тұтынушы сол төлеген билеттің ақшасын пайызбен қайтарып алуға құқығы бар. Ал, осы Кодекстің 359-360-шы бабында дұрыс көрсетілмеген қызметтің шығын деген ұғым бар. Оған ұшақ, пойыз билетінің құны жатады»,-деді ол.

Бұл ретте сарапшы әр тұтынушы ұйымдастырушыдан кеткен шығынды тұрақсыздық айыбы немесе шығын ретінде өндіріп ала алатынын, оның қай түріне тоқталатынын өзі шешетінін атап өтті.

«Мұндайда ұйымдастырушылардан әр теңгені талап ету үшін, оның дәлелі болу керек екенін ескеру керек. Оған чек, төлем кватанциясы және т.б жатады», — деді ол.

Қандай мемлекеттік органдарға жүгіну керек?

«Заңнама әрдайым тұтынушыны қолдап, қорғайды. Заңнамалық иерархия тұрғысынан заңнан Кодекс жоғары болады. Сол себепті, біріншіден, байбалам салмай, тұтынушылар міндетті түрде ұйымдастырушыларға арыз жазуы тиіс. Ол үш қадамды тұтынушыны қорғау мәселесінің алғышарты. Бастысы тұтынушының арызды жіберген дәлелі керек», — деді ол.

Айтуынша, 10 күнтізбе күнінің ішінде аталған арызға жауап беруі немесе тұтынушының мәселесін шешуі тиіс.

«11-ші күні оған жауап қайтарылмаса, онда сол жазылған арызды концертті ұйымдастыруға рұқсат берген мемлекеттік органға жолдауы керек. Оған әкімдік, мәдениет басқармасы жатады. Сондай-ақ, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті мен Мемлекеттік кірістер комитетіне, ІІМ-не жолдауы қажет. Себебі, бұл жерде негізсіз баю фактісі орын алып тұр. Полицияға не себепті арыз беру керек? Себебі ӘҚбК-де 190-шы бап — тұтынушыны алдау бабы бар. Осы 2 бап әр тұтынушының құқығын қорғайды», — деп сөзін қорытындылады маман.

Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті не дейді?

«Ұйымдастырушы міндетті түрде 100% ақшаны қайтаруға тиіс деп кесіп айту орынсыз. Нақты қорытынды билет сатып алу кезінде қабылданған оферта/шарттың талаптарына, билет қайтару ережесіне және концертті ауыстыру туралы ұйымдастырушының ресми шарттарына байланысты болады. Мысалы, егер шартта іс-шара кейінге қалдырылған жағдайда билетті жаңа күнге пайдалану немесе белгілі бір тәртіппен қайтару нақты көзделсе, бұл талаптар да бағаланады», — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, егер ұйымдастырушы ақшаны қайтарудан бас тартса, одан:

— бас тартудың нақты құқықтық негізін;

— билет сатып алу шартындағы тиісті тармақты;

— концертті ауыстыруға негіз болған мән-жайларды;

— билет ақшасының не себепті қайтарылмайтынын жазбаша түрде көрсетуді талап ету қажет.

«Азаматтық кодекстің 401–403-баптары шартты өзгерту және бұзу негіздерін, тәртібі мен салдарын реттейді. Осыған байланысты, тұтынушылардың азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушысы бола отыра, Азаматтық кодекстің 9 бабына сәйкес сот органдарына талап арызбен жүгінуге құқықтары бар», — делінген ведомство хабарламасында.

Концерт билеттерін қайтару мәселесіне қатысты ұйымдастырушыларға да хабарласып көрдік. Алайда, әлі де нақты жауап алмадық.

Түйін

Концерттің басқа күнге ауыстырылуына байланысты тұтынушылардың құқықтары нақты жағдайға және билет сатып алу кезінде қабылданған шарт талаптарына байланысты бағаланады. Мамандардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығы өздігінен форс-мажор болып саналмайды, ал шығындарын растайтын құжаттары бар көрермендер оларды ұйымдастырушыдан өтеуді талап ете алады. Бұл ретте тұтынушылар алдымен ұйымдастырушыға жазбаша арыз жолдап, ақшаны қайтаруды немесе шығынды өтеуді талап етуі керек. Егер мәселе шешілмесе, уәкілетті мемлекеттік органдарға және қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге құқылы. Ал Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті билет құнын 100% қайтару мәселесі шарт пен билетті қайтару ережелеріне байланысты жеке қаралатынын атап өтті.

Оқу үшін