NoFake

Амнистияға кімдер ілігеді: Заңгер заңның негізгі талаптарын түсіндірді

Коллаж: NoFake.kz

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік істер бойынша ауқымды амнистияға қол қойылды. NoFake.kz заңгерден амнистияның негізгі талаптарын, кімдердің босатылатынын және қай баптар бойынша жеңілдіктер жасалмайтынын анықтады.

Бұл шара – мемлекеттің құқықтық саясатындағы гуманизм, әділдік және адам құқықтарын құрметтеу принциптерінің айқын көрінісі. Алдын ала есептеулер бойынша, тек қылмыстық амнистияның өзі 16,5 мыңнан астам адамды қамтиды. Сонымен қатар, ел тарихында тұңғыш рет әкімшілік айыппұлдарды кешіру шарасы да қатар жүргізілмек. Алайда, бұл қадам қылмысқа көз жұма қарау немесе жазасыздық орнату дегенді білдірмейді.

Гуманизм акциясы: Амнистияға кімдер ілігеді?

Заң жобасына сәйкес, амнистия негізінен қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін, жеңіл-желпі қателік жіберген немесе кінәсін толық түсініп, түзелу жолына түскен азаматтарға бағытталған.

Амнистия шеңберінде мынадай шаралар қарастырылған:

Жеңіл қылмыстар мен теріс қылықтар: Қылмыстық теріс қылықтар мен жеңіл қылмыс жасаған тұлғалар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан толық босатылуы мүмкін.

Орташа ауыр қылмыстар: Орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар, егер келтірілген шығынды толық өтесе немесе іс бойынша ешқандай материалдық шығын болмаса, жазадан босатылады.

Жаза мерзімі аяқталуға жақындағандар: Орташа ауыр қылмыс жасап, түрмедегі мерзімінің аяқталуына 1 жылдан аз уақыт қалған және тәртібі жақсы сотталғандар да негізгі жазадан босатылады.

Маңыздысы, амнистия тек осы Заң ресми түрде күшіне енгенге дейін жасалған құқық бұзушылықтарға ғана қолданылады. Заң шыққаннан кейін қылмыс жасағандарға бұл жеңілдіктер жүрмейді.

Инфографика: NoFake.kz

Дифференциалды тәсіл: Түрмедегі мерзім қалай қысқартылады?

Заң ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарды толық босатпайды, бірақ олардың жаза мерзімін қысқартудың нақты тетіктерін ұсынады. Бұл ретте қылмыстың санаты және жәбірленушіге келген шығынның өтелуі басты рөл ойнайды.

Амнистия заңының ерекшеліктері мен оның қоғамға әсері туралы Алматы қаласының Адвокаттар алқасының адвокаты, «TENGRI» адвокаттық кеңсесінің маманы Смағұл Файзулладан пікір сұраған едік.

«Бұл амнистияны мемлекеттің әлсіздігі немесе қылмысқа көз жұма қарауы деп түсінбеу керек. Бұл – жаңа конституциялық кезеңде адам құқықтары мен гуманизмді бірінші орынға қоюдың белгісі. Мемлекет қателескен, бірақ түзелуге дайын азаматтарға қоғамға қайта бейімделу үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мерзімді қысқартудағы дифференциалды (сатылы) тәсіл өте әділ таңдалған. Кім жәбірленушінің алдындағы кінәсін түсініп, шығынды өтесе, соған көбірек жеңілдік беріледі. Бұл сотталғандарды тезірек шығынды қайтаруға және зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге ынталандырады», — дейді заңгер.

Амнистияға кімдер ілікпейді?

Маманның айтуынша, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет ең қауіпті қылмыс түрлерін амнистия тізімінен толық шығарды. Төмендегі қылмыстар бойынша жаза өтеп жатқандарға ешқандай жеңілдік жасалмайды:

Жемқорлық: Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (361-бап), пара алу (366-бап), пара беру (367-бап), парақорлыққа делдал болу (368-бап) және қызмет бабын пайдаланып мүлікті талан-таражға салу (189-бап).

Терроризм және экстремизм: Терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттау (256-бап), террористік топ құру (257-бап) және экстремистік ұйымдардың жұмысына қатысу (405-бап).

Педофилия: Кәмелетке толмағандарды зорлау (120-бап, 4-бөлік), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық (121-бап, 4-бөлік) және жас балаларды азғындық жолға түсіру (124-бап).

Азаптаулар мен ұйымдасқан қылмыс: Азаптау қылмысы (146-бап) және ұйымдасқан қылмыстық топ (ОПГ) құру немесе оған қатысу (262-бап).

Рецидив: Қылмысты қайталағандар, өмір бойына сотталғандар және соттан қашып, сырттай үкім кесілгендер.

«Қоғамның қауіпсіздігі – мемлекеттің басты басымдығы. Педофилдер, террористер, жемқорлар мен рецидивистер сияқты санаттардың амнистиядан тыс қалуы заңды. Бұл мемлекеттің аса қауіпті қылмыстармен күресте ешқандай ымыраға келмейтінін және балалар мен азаматтарды қорғауды басты орынға қоятынын көрсетеді», — дейді адвокат Смағұл Файзулла.

Жәбірленушінің құқығы және соттылық мәселесі

Амнистия заңының ең маңызды принциптерінің бірі – зардап шеккен тараптың құқығын қорғау. Амнистия азаматты жәбірленушінің алдындағы моральдық және материалдық жауапкершіліктен босатпайды. Сондай-ақ, амнистия автоматты түрде соттылықты алып тастай ма деген сауалды да қойдық.

«Амнистия ҚР ҚК 78-бабына сәйкес тек жазадан босатады немесе оның мерзімін азайтады. Ал соттылықты алып тастау мәселесі ҚР Қылмыстық кодексінің 79-бабымен бөлек реттеледі. Ол үшін азамат бостандыққа шыққаннан кейін белгілі бір уақыт бойы өз-өзін жақсы қырынан көрсетіп, құқық бұзбауы тиіс. Амнистия — бұл мемлекет тарапынан жасалатын бір реттік, ерекше құқықтық акт. Егер амнистиямен босап шыққан адам қайтадан қылмыс жасаса, ол ешқандай жеңілдіксіз, заңның ең қатал талаптары бойынша жалпы негізде жауапқа тартылады», — деп пікір білдірді сала маманы.

Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық бір реттік сипатқа ие. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан құқық бұзушылық жасаса, ол жалпы негізде заң алдында жауап береді. Еске салайық, Мемлекет басшысы биыл 17 наурызда қылмыстық және әкімшілік амнистия жариялаған болатын.

Оқу үшін