Прокурор жастарды дропперлікке қалай тартатынын түсіндірді

Фото: Depositphotos
Астана қаласының коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында қалалық басқарма прокуроры жастар дропперлікке қалай келетінін айтып берді, деп хабарлайды NoFake.kz
Брифинг барысында дропперлік мәселесіне ерекше тоқталған прокурор көбіне дропперлікпен жастар айналысатынын айтты.
«Қазіргі уақытта дропперлік мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Дропперлер – бұл өздерінің банк шоттарын немесе карталарын басқа адамдарға ақшасын аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін беретін тұлғалар. Көбіне бұндай дропперлікпен жастар айналысады», — деді маман.
Тәртіп сақшасы дропперлікке жастар көбіне қалай тап болатынын да баяндады.
«Жастар дропперлікпен қалай айналыса бастайды? Қазіргі уақытта телеграм немесе басқа да әлеуметтік желілерде оңай жолмен ақша табу мәселесі жайлы сілтемелер бар. Ол сілтемеге кірген кезде ол жерде барлығы жазылады. «Сен өзіңнің атыңа бірнеше банктен шот аш, одан кейін сен өзіңнің шоттарыңды бізге тапсырасың» немесе «біз жіберген ақшаны басқа шоттарға аударып отырасың, осы үшін сен әр аударымнан өзіңе 30-20 мың теңге ақшалай пайда аласың» деп айтылады. Көбінде еркін жолмен адамдар ақша табу мақсатында осы жұмыспен айналысуға өз келісімдерін береді», — дейді прокурор.
Бір қарағанда бұл оңай ақша табу жолы сияқты көрінгенімен, мұндайда шот арқылы басқа азаматтардың ұрланған ақшасы өткізілетінін ескеру керек. Сонымен қатар, маман ғаламтор арқылы жиһаз тапсырыс беруде, тіпті қасиетті Умраға кіші қажылыққа жалған жолдама сату фактілері жиілеп, жақында осындай қылмыскерлердің сотталғанын еске салды.
Алаяқтардан қорғануға арналған кеңестер
Брифинг соңында прокуор Талғат Қалиев азаматтарға алаяқтардан қорғанудың бес ережесін ұсынды.
1. Құпия деректерді бермеңіз: СМС-кодтарды, CVV/CVC кодтарын және карта мәліметтерін ешкімге айтпаңыз.
2. Қоңырауды дереу үзіңіз: Өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп хабарласса, әңгімені тоқтатып, ресми колл-центрлерге өзіңіз хабарласыңыз.
3. Телефоныңызды қашықтықтан басқаруға жол бермеңіз:Бейтаныс адамдардың нұсқауымен телефонға беймәлім бағдарламалар жүктемеңіз.
4. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз: Тексерілмеген ресурстардан тексеруден өтпеңіз.
5. Асығыс шешім қабылдамаңыз: Алаяқтықтың басты қаруы – қорқыныш пен асықтылық. Шұғыл түрде ақша аударуды талап етсе, тоқтап, жақындарыңызға қайта хабарласып мән-жайды анықтаңыз.
Маман бірнеше минуттық сабыр ету бар жиған қаражатыңызды сақтап қалуға көмектесуі мүмкін екенін айтты. Бұған дейін біз Қаржы мониторингі агенттігінің ірі дропперлік желіні әшкерелегені жайлы жаздық.


