Елімізде кең тараған интернет-алаяқтық түрлері қандай: Антифрод-орталығы жауабы

Коллаж: Liter.kz
Астанада өтіп жатқан AntiFraud Forum Kazakhstan форумында ҚР Ұлттық банкі жанындағы Антифрод-орталықтың басшысы Айнұр Измайлова елімізде кең таралған алаяқтық түрлерін айтып берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Оның айтуынша, бүгінде еліміз бойынша жалған қоңыраулар, жалған инвестициялар және маркетплейстер арқылы жасалатын алаяқтық түрлері көш бастап тұр.
«Қоңырауларға қатысты жағдайлар көпшілікке таныс: алдымен сізге СМС келеді, содан кейін «құқық қорғау органдарынан» хабарласып, біреу сіздің атыңызға несие рәсімдеді немесе басқа да әрекеттер жасалды деп айтады. Мұнда ең маңыздысы — сіз СМС-кодты айтып қойсаңыз да, келесі қоңырауды бірден үзіп, сөйлеспеу керек. Өйткені қаражатты шешіп алу дәл сол қоңырау барысында жүзеге асады», — деді ол.
Ведомство өкілінің айтуынша, кең таралған алаяқтықтың тағы бір түрі — жалған инвестициялар.
«Мұндайда адамдар әлеуметтік желілерде немесе YouTube-та жарнамаларды көреді. Мысалы, фильм көріп отырғанда, қандай да бір компания жоғары табыс немесе дивиденд уәде етеді. Ондайда қор нарығы деген не, қалай инвестиция жасау керек — соны алдын ала зерттеу маңызды. Қазақстанда бұл бағытта ақпарат алуға болатын мүмкіндіктер бар, арнайы курстар да ұсынылады. Сол арқылы қайда және қалай инвестиция салуға болатынын түсінуге болады», — деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге, Айнұр Измайлова ел азаматтары арасында маркетплейстер бойынша интернет-алаяқтық көп кездесетінін айтады.
«Маркетплейстер бойынша да алаяқтық жағдайлар кездеседі. Адамдар сеніп, алдын ала ақша аударып, нәтижесінде тауарды алмай қалады. Бұл жерде ресми маркетплейстер туралы емес, адамдар бір-бірімен жеке хабарлама арқылы келісіп, ақшаны жеке тұлғадан жеке тұлғаға тікелей аудару туралы айтылып отыр. Яғни бұл қарапайым аударым сияқты көрінгенімен, шын мәнінде белгісіз тауарды сатып алу болып шығады», — деді ол.
ҚР Ұлттық Банкінің «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ жанындағы Антифрод-орталықтың басшысы Айнұр Измайлова бұл ретте барлық төлемдерді заңды түрде, банктік сервистер арқылы, ресми тәртіппен жүргізу маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, тек сол кезде ғана аударылған қаражатты қайтару мүмкіндігі болады.
Айта кетейік, бүгін Астанада ауқымды AntiFraud Forum Kazakhstan форумы өтіп жатыр. Оған салаға құзырлы министрлік өкілдері, білікті сарапшылар қатысып жатыр. Естеріңізде болса, бұған дейін Антифрод-орталығы басшысы бұған дейін тек қарт адамдар алаяқтардың құрбаны болады деген пікірге қатысты өз ойын айтқан еді.


