NoFake

Ақмола облысында «дәрігер» болып SMS-код сұраған алаяқтың әрекеті әшкереленді

Иллюстративное фото: freepik.com

Облыс прокуратурасы, Қазақтелеком АҚ және Полиция департаментінің Cyberpol қызметкерлері бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде күмәнді схема дер кезінде тоқтатылған.

Державинск қаласының 77 жастағы тұрғыны мен оның 53 жастағы ұлы алаяқтың құрбанына айнала жаздаған. Белгісіз тұлға өзін медицина қызметкері ретінде таныстырып, «тексеру жүргізу» сылтауымен азаматтарға хабарласқан. Ол SMS арқылы келген растау кодтарын алуға тырысқан.

Жедел әрекет еткен мамандар фишингтік қоңырауды уақытында тоқтатып, азаматтардың жинақ ақшасын сақтап қалды.

«Алаяқтар түрлі сылтаумен азаматтардың жеке деректерін, әсіресе SMS-кодтарын алуға тырысады. Мұндай мәліметтерді үшінші тұлғаларға беруге болмайды. Күмәнді қоңыраулар кезінде әңгімені бірден тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарласу қажет», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында 232 тұрғын интернет-алаяқтардың құрбанына айналған. Келтірілген жалпы шығын 554 млн теңгеден асқан.

Оқу үшін