Дипфейк пен алаяқтықтан қалай қорғанамыз – министрлік түсіндірді

Фото: depositphotos
Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік онлайн платформаларда қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетінін және дипфейк пен алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау – цифрлық үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі. Барлық платформалар ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді, заманауи қорғаныс технологиялары қолданылады және жүйелер тұрақты түрде аудиттен өтеді. Мемлекеттік сервистер мен деректер толықтай қорғалған және елдің ішкі контурында орналасқан», — делінген министрлік хабарламасында.
Алаяқтардың жаңа айласы: eGov атынан қоңырау шалу
Министрлік соңғы уақытта алаяқтардың өзін eGov.kz қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға телефон, мессенджер немесе электрондық пошта арқылы хабарласу жағдайлары жиілегенін ескертті.
«Азаматтар білуі тиіс: eGov.kz қызметкерлері ешқашан өздері қоңырау шалмайды және SMS арқылы код жібермейді. Хабарлама тек азаматтың өзі қызмет алған кезде ғана келеді», — деп нақтылады ведомство.
Қорғану жолдары: қандай сервистер бар
Министрлік азаматтарға алаяқтықтың алдын алу үшін бірнеше цифрлық құралды пайдалануды ұсынады. Атап айтқанда, eGov Mobile қосымшасында «Банктік қарыздар мен микрокредиттерден ерікті түрде бас тарту» сервисі бар. Бұл функция бөгде адамдардың сіздің атыңыздан несие рәсімдеуіне тосқауыл қояды.
Сондай-ақ қосымшадағы «Кибергигиена» бөлімі арқылы киберқауіпсіздік негіздерін үйренуге болады. Бұдан бөлек, Nomad Guard сервисі азаматтардың дербес деректерінің таралып кетуін тексеруге мүмкіндік береді.
ЖИ-ге қаржы қалай бөлінеді
Редакция министрліктен 2026 жылы жасанды интеллектті дамытуға бөлінетін қаржы туралы да сұрады. Ведомствоның мәліметінше, бұл бағытқа жеке бюджет қарастырылмаған.
«Министрлікке 2026 жылы 2 177,1 млрд теңге бөлінді. Жасанды интеллектке қосымша қаржы қарастырылмаған, алайда бұл сомаға Ұлттық жасанды интеллект платформасын пайдалану қызметтері енгізілген», — деп хабарлады министрлік өкілдері.
Ресми дерекке сәйкес, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 62,7 млрд теңгеге, ал 2024 жылмен салыстырғанда 60,3 млрд теңгеге аз.
Министрлік барлық мемлекеттік сервистердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сонымен қатар соңғы уақытта алаяқтардың азаматтардың сеніміне кіріп, SMS хабарлама жіберу, мессенджер арқылы қоңырау шалу сияқты тәсілдерді жиі қолдана бастағаны да айтылды.


