Алаяқтар тек қарттарды алдайтыны рас па

Фото: Nofake.kz
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ жанындағы Антифрод-орталықтың басшысы Айнұр Измайлова «алаяқтардың құрығына көп жағдайда тек қарттар түседі» деген мифке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Антифрод-орталығы басшысының айтуынша, алаяқтар «тек қарттарды ғана алдайды деп айту» қате түсінік. Оның сөзінше, әр алаяқтық схемасының өз аудиториясы бар.
«Мен тек үлкен буын өкілдері ғана зардап шегеді деген мифті жоққа шығарғым келеді. Бұл дұрыс емес. Әрбір алаяқтық схемасының өз аудиториясы бар. Мысалы, жалған қоңыраулар туралы айтсақ, бұл көбіне 35–40 жастан асқан адамдарға қатысты. Олар — кеңестік тәрбиенің бір бөлігін көрген адамдар және олар әлі де құқық қорғау органдарынан қорқатын буын. Сол себепті олар да алаяқтардың құрбаны болып жатады», — деді ол.
Сонымен бірге ол, инвестиция тақырыбында көп жағдайда жастар алданып қалатынын атап өтті.
«Ал инвестиция тақырыбын алсақ, мұнда керісінше, жас буын жиі алданады. Олар толық түсінбей жатып, түрлі жобаларға ақша салуға тырысады. Маркетплейстерге қатысты алаяқтықта — бұл негізінен онлайн сауда жасауды жақсы көретін адамдар. Яғни әр салада әртүрлі аудитория бар. Негізінде зардап шеккендердің жасы 21-ден 65-ке дейінгі аралықты қамтиды. Сондықтан тек 40 жастан асқандар ғана алданады деп айту — шындыққа жанаспайды», — деді ол.
Еске салсақ, бүгін Астанада киберқылмысқа қарсы форум өтіп жатыр. Онда ҚР ІІМ өкілдері интернет-алаяқтық көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 6%-ға азайғанын мәлімдеді.


