Көптің назарын бұру: жасырын манипуляция туралы не білеміз

Фото: Freepik.com
Шулы жаңалықтар — қоғам назарын өзекті мәселелерден аударатын стратегия болуы әбден мүмкін. Мұндай ақпаратты қалай танимыз және одан қорғануға бола ма? Nofake.kz лайфхак ұсынады.
Мамандардың пікірінше, қоғам «назарын бұру» — бұл манипуляция жасаудың негізгі құралы. Оның мақсаты — адамдардың назарын маңызды мәселелерден жалған, маңызы төмен тақырыптарға ауыстыру. Елдің назарын басқаға аударудың екі түрлі тәсілі бар:
1. Ақпаратты алмастыру. Манипуляция жасайтын тарап өзіне тиімсіз маңызды ақпараттан аудиторияның назарын басқа, көпшілікке «өтетін» тақырыпқа аударып жібереді. Соның салдарынан бастапқы жаңалық тез ұмытылып, маңызы жойылады.
2. Бүркемелеу түрі. Қажетсіз ақпарат түрлі образдар мен қосымша материалдар арқылы бүркемеленеді. Олар бір жағынан нақты фактіні жасырса, екінші жағынан көптің қызығушылығын тудырады. Мысалы, видеолардағы тартымды әуен, визуал, бір-бірімен байланысы жоқ оқиғалар ондағы басты ақпаратты «жасырады». Мұндай жаңалықтың мәтінінде негізгі ақпарат қауесет әңгіме, сенсация қуу, жарнама және көз тартатын суреттер арқылы «көлеңкеде» қалады.
Манипуляцияға қалай жол бермеу керек?
1. Сыни ойлау және ақпаратты тексеру дағдыларын қалыптастыру
— Әрдайым өзіңізге «Менің дәл осылай ойлағаным кімге тиімді? Қандай маңызды мәселелер көлеңкеде қалып отыр?» деген сұрақты қойып отырыңыз.
— Фактчекинг әдістерін қолданып, ақпараттың шынайылығын тексеріңіз.
— Эмоцияға емес, нақты деректерге сүйенуге тырысыңыз, себебі манипуляция жасаушы тарап сенсация мен шулы оқиғаларды әдейі ұсынады.
2. Басымдықтарға назар аудару
— Ақпараттағы негізгі мәселеге мән беріңіз (мысалы: экономика, қауіпсіздік). Егер БАҚ немесе саясаткерлер жеке өмір немесе шоу-бизнес жаңалықтарын жиі талқыласа, өзіңізге «Неге дәл қазір бұл басты тақырыпқа айналды? Ол нені жасыруға тырысады?» деген сауалды қойыңыз.
— «Ақпараттық шуды» елемеңіз. Сіздің өміріңізге еш қатысы жоқ жаңалықтарға уақытыңызды орынсыз жұмсамаңыз.
3. Эмоцияны бақылаңыз
Манипуляция жасаушы тарап адамдарды қорқыту, ашуға булықтыру немесе қуану сияқты эмоцияның түр-түрімен назарын бұруға тырысады. Сол себепті, шулы оқиғаларға бірден реакция бермей, бұл ақпаратты бөліспестен бұрын оны тексеруді ұмытпаңыз.
4. Саналы түрде әрекет етуге тырысыңыз
— Әлеуметтік желіде, блогтарда және жеке әңгіме барысында шынайы ақпаратты, тек өзіңіз көзіңіз жеткен ақпаратпен ғана бөлісіңіз.
— Сыни ойлау арқылы манипуляцияны әшкерелеп, бір тақырыптың екіншісін қалай «ығыстырып» жатқанына көз жеткізіңіз.
— Ақпараттық қауіпсіздікке бағытталған бастамаларды қолдаңыз.
Көпшіліктің назарын бұру — манипуляция жасаудың тиімді құралы болғанымен, оған қарсы тұруға болады. Ең бастысы арандатуға ермей, сыни ойлау қабылетін қалыптастыру және оқиғана шынайы бағалай білу.


