NoFake

Қоғамдық тамақтану орындарына талаптар күшейтіле ме

Фото: depositphotos

Қазақстанда қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық талаптар күшейтіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы өзгерістерге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №34 бұйрығымен «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» қағидаларына өзгерістер енгізілген. Алайда бұл өзгерістер талаптарды қатаңдатуға бағытталмаған.

Атап айтқанда, жаңа түзетулер балалар санаторийлері, сауықтыру ұйымдары және білім беру нысандарындағы асханалар мен түстену залдарының алаңына қатысты нормаларды нақтылайды.

«Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – қолданыстағы санитариялық қағидаларды жүйелеу және оларды өзге нормативтік-құқықтық актілермен сәйкестендіру. Бұл ретте балаларға арналған нысандардағы асханалар мен түстену залдарының ауданына қатысты нормалар нақтыланды. Ал қоғамдық тамақтану объектілерінің, оның ішінде кафе мен мейрамханалардың алаңына қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде сақталды», — деп мәлімдеді министрлік.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексіне байланысты санитариялық қағидалардағы бірқатар сілтеме нормалары жаңартылған.

«Санитариялық қағидаларға енгізілген өзгерістердің басым бөлігі редакциялық сипатта. Олар жаңа Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкестендіру мақсатында қабылданды және қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаңдатуды көздемейді. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап талаптар күшейтіледі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деп атап өтті министрлік.

Осылайша, қоғамдық тамақтану орындарына қатысты талаптар бұрынғы қалпында сақталады, ал енгізілген өзгерістер тек нормативтік базаны өзектендіруге бағытталған.

Оқу үшін