NoFake

Азық-түлік қорын жинауға үндеген жазбалардың Қазақстанға қатысы бар ма: тексердік

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде тұрғындарды су мен азық-түлік қорын жинауға шақырған жазбалар көбейді. Кейбір қолданушылар мұны алдағы экономикалық дағдарыспен байланыстырып, бағаның күрт өсуі мүмкін екенін айтып жатыр. Шетелдегі төтенше жағдайларға дайындық туралы хабарламалардың Қазақстанға қатысы бар ма? NoFake.kz бұл ақпараттың қайдан шыққанын тексеріп, Төтенше жағдайлар министрлігінен түсініктеме алды.

Әлеуметтік желіде не талқыланып жатыр?

Трэдстегі қолданушылар шетелдегі төтенше жағдайларға дайындық туралы хабарламаларды талқылап, мұндай жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін бе деген сауал көтерген.

Скриншот: әлеуметтік желі

Алайда, посттарды мұқият оқығанымызда, онда:

«Түрлі шетелдердегі желі қолданушылары су мен азық-түлік жинап жатыр. Кейбіреулер тіпті ресми мәлімдеме де жасап жатыр. Біз одан хабардармыз ба? Оларды неге дайындап жатыр?», — деген мәтінді көрдік.

Яғни, аталған посттарды Қазақстандағы емес, шетелдегі жағдай бойынша жазып жатқандар бар екенін ескеру керек.

Сол сияқты тағы бір жазбада Қазақстанда жақын арада ауыр экономикалық дағдарыс болуы мүмкін екені айтылған. Автор АҚШ Иранға шабуыл жасаған жағдайда мұнай бағасы күрт қымбаттап, соның салдарынан азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасы екі есе өсуі ықтимал деп болжаған. Жазбада тұрғындарға азық-түлікті алдын ала сатып алуға кеңес берілген.

Скрин әлеуметтік желіден.

Су, азық-түлік қорын жинауға қатысты жазбалар — шетелдерде ТЖ режиміне дайын болу қажеттілігіне байланысты жазылған посттар екенін төмендегі жазбадан да көруге болады. Онда желі қолданушысы:

«Шетелдік жаңалықтарды оқыдыңыздар ма? Бұл күндері көптеген елдердің азаматтары су, дәрі, шам, азық-түлік және т.б. қорын жинауға дайындалып жатыр. Әрине, ештеңе болмайды деп үміттенемін, алайда мұндайды шетелдік жаңалықтарда айтып жатса, демек бізге де дайын болу керек! Қолшам алыңыздар, электр энергиясы да тапшы болуы мүмкін», — деп жазған желі қолданушысы.

Скрин трэдстен.

Десе де, осы посттың өзінде де автор «шетелдік жаңалықтар» деп аталған оқиғаның елде емес, басқа мемлекетте орын алып жатқанын нақтылаған. Сол сияқты мұндай болжамдар нақты деректермен расталмаса, оларды шындық ретінде қабылдауға болмайтынын атап өткен жөн. Сондай-ақ шетелдегі оқиғаларға қатысты ақпаратты Қазақстандағы жағдаймен байланыстыру үшін, оларды ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.

Ұлыбританияда не болды?

Мысалы, 2026 жылғы 22 қазанда Ұлыбритания үкіметі тұрғындарды төтенше жағдайларға дайын болуға шақыратын «Be Ready» науқанын жариялады. Үкіметтің ресми мәліметінше, бұл үш жылға жоспарланған бастаманың мақсаты — күнделікті қызметтер уақытша бұзылған жағдайда халықтың дайын болуына көмектесу. Яғни, ондай тәжірибе — шетелдіктер үшін қалыпты жағдай екенін атап өту керек.

Ұлыбритания билігі тұрғындарға үйде үш күнге жететін ауызсу мен ұзақ сақталатын азық-түлік қорын ұстауды, электр қуаты немесе байланыс істемей қалған жағдайда қажетті ақпаратты қалай алуға болатынын алдын ала ойластыруды ұсынған.

Бұл Қазақстанда да төтенше жағдай болады дегенді білдіре ме?

Аталған жазбалардың Қазақстанға қатысы бар болуы мүмкін бе деген сауалға жауап алу үшін, ҚР Төтенше жағдай министрлігіне хабарластық.ТЖМ өкілдерінің түсіндіруінше, төтенше жағдай режимі нақты оқиғаға байланысты, оның ауқымы мен салдары ескеріле отырып жарияланады.

«Мысалы, 2024 жылы болған су тасқыны кезінде бірқатар өңірде осындай жағдай қалыптасты. Қазір елімізде мұндай жағдайлар жоқ, бәрі тұрақты», — деді ТЖМ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ведомство өкілдері Төтенше жағдай Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде республика көлемінде жарияланбағанын, мұндай режим тек өңірлік деңгейде болғанын атап өтті.

«Мысалы, төтенше жағдай болған өңірде ауданның немесе қаланың жергілікті әкімдігі сол аумақта ТЖ режимін жариялайды. Ол не үшін қажет? Бюджетте осындай жағдайларға арналған, яғни күтпеген шығындарға жұмсалатын қаражат болады. Сол қаражаттан қаржы бөлінеді. Ол төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмсалады», — деді мамандар.

Сонымен бірге ведомство өкілдері әкімдікте төтенше жағдайлар болғанда, ТЖ жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылатынын жеткізді.

«Қандай да бір төтенше жағдай орын алып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет болса, мысалы, коммуналдық қызметтерді тарту керек болса, комиссия шақырылады. Отырыс өткізіліп, хаттама жасалады. Яғни, осы жұмыстармен комиссия айналысады», — деді мамандар.

Түйін

Шетелдерде азық-түлік пен су қорын жинауға шақыратын посттардың жариялануы Қазақстанда дәл осындай төтенше жағдай күтіліп отыр дегенді білдірмейді. Ал азық-түлік бағасы екі есе өседі деген әлеуметтік желідегі болжамды растайтын дерек ұсынылмаған. Сондықтан шетелдегі жаңалықтарды Қазақстанға тікелей қатысты ақпарат ретінде қабылдамау қажет. Азық-түлік қорын жаппай жинауға шақыратын немесе болашақта дағдарыс болады деп үрей тудыратын жазбаларды бөліспес бұрын, олардың бастапқы дереккөзі мен дәлелдерін тексерген жөн.

Оқу үшін