NoFake

Құрылыс жылы: Жолдаудағы бастама әлеуметтік желіде қалай бұрмаланып жатыр

Коллаж: NoFake.kz

Әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бастамасына қатысты ақпарат бұрмаланып жатыр. Кейбір желі қолданушылары еліміздегі әлеуметтік нысандарды түгел шетелдік компаниялар салады деген пікір таратып жатыр. Nofake.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Threads қолданушыларының бірі Президент Жолдауындағы еліміздің құрылыс саласына қатысты сөзін былай бұрмалап жазған:

Скрин трэдстен.

«Жолдауға қарасақ, Қазақстанда ауқымды құрылыс жүреді. Онда қытайлықтар, түріктер мен америкалықтар жұмыс істейді», — дейді желі қолданушысы.

Аталған посттағы ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтау үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын оқып шықтық. Жолдауда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізге жаппай шетелдік азаматтар келеді деген  сөз мүлде айтылмаған. 

«Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады», — деді Президент.   

Сонымен қатар,  бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.  Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады деп жазылған Жолдауда. 

Скрин Ақордадағы жолдаудан.

Елімізде  қанша шетелдік құрылыс компаниясы бар? 

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан Республикасы аумағында құрылыс саласында шетелдік үлесі бар және бірлескен меншік нысанындағы 9 939 компания тіркелген. Оның ішінде шетелдік үлесі бар 9 080 компания, бірлескен меншік нысанында 859 компания бар.

Одан бөлек, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда құрылыс саласында 76 272 заңды тұлға тіркелген, оның 60 834-і жұмыс істеп тұр. 

Бюро деректеріне сүйенсек, елдегі құрылыс саласындағы шетелдік үлесі бар 9 080 компанияның 4215-і Өзбекстанға, 1 404-і Түркияға тиесілі. Үздік үштікке 1 178 компаниямен Ресей кірсе, одан кейінгі орында Қытай (910 компания) мен Әзірбайжан (259 компания) тұр. 

Инфографика: Nofake.kz

Түйін

Президент Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында шетелдік жұмысшыларды жаппай тарту туралы айтылмаған. Әлеуметтік желідегі жазбада Жолдаудағы бастамаға қатысты негізсіз болжам жасалған. Ал құрылыс саласында шетелдік және бірлескен меншік нысанындағы компаниялардың тіркелуі олардың қызметкерлері міндетті түрде шетел азаматтары екенін білдірмейді.

Оқу үшін