Алматыдағы оқу орнынан табылған күдікті сөмкеге қатысты полиция түсініктеме берді

Фото: Depositphotos
Алматыдағы оқу орындарының бірінен қараусыз қалған сөмке табылып, студенттер мен оқытушылар эвакуацияланды. Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Полиция мәліметінше, күдікті зат туралы хабар түскен бойда оқиға орнына жедел қызметтер жеткен. Қауіпсіздік мақсатында ғимараттағы студенттер мен оқытушылар сыртқа шығарылған.
«Тексеру барысында сөмкенің студенттердің біріне тиесілі екені және ішінде оқу құралдары бар екені анықталды. Сөмкенің ешқандай қауіп төндірмейтіні белгілі болды», – деп хабарлады Алматы қаласының Полиция департаменті.
Ведомство азаматтарға қырағылық танытқаны үшін алғыс айтып, қауіпсіздік ережелерін еске салды.
«Күдік тудыратын немесе қараусыз қалған заттарды байқаған жағдайда, оларға өз бетінше жақындамауға, ұстамауға және орнынан қозғамауға кеңес береміз. Мұндай жағдайда дереу 102 нөміріне хабарлау қажет», – делінген полиция хабарламасында.
Осылайша, тексеру нәтижесінде күдікті деп танылған сөмкенің ішінде тек оқу құралдары болғаны анықталды.


