NoFake

Ормуз бұғазында iPhone қораптарын жинап жүрген адамдардың видеосы – фейк

Коллаж: Nofake.kz

Желіде адамдар Ормуз бұғазында су бетінде қалқып жүрген iPhone қораптарын жинап жүргені туралы видео тарады. Жазбаларда бұл кадрлар Иран Сингапурдың жүк кемесін суға батырғаннан кейін түсірілгені айтылады. Full Fact басылымы видеоны тексеріп, оның ЖИ көмегімен жасалғанын анықтады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Видеода не көрсетілген?

Видеода бірнеше адамның су бетінде қалқып жүрген iPhone қораптарын жинап жүргенін көруге болады. Әлеуметтік желілерде бұл кадрлар Ормуз бұғазында болған оқиғамен байланыстырылған.

Жазбаларда Иран Сингапурдың жүк кемесін суға батырғаннан кейін iPhone қораптары теңіз бетінде қалқып жүргені айтылады.

Шын мәнінде не болған?

Сингапурдың Теңіз және порт әкімшілігінің мәліметінше, 13 және 14 қазанда Ормуз бұғазында GFS Pride және GFS Giselle жүк кемелеріне белгісіз снарядтармен соққы жасалған. Кейін GFS Pride кемесі суға батқан.

Бірқатар БАҚ Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері кеменің рұқсат етілмеген бағытта жүзіп бара жатқанда теңіз минасына соғылғанын мәлімдеген.

The Telegraph басылымы суға батқан кемеде iPhone мен қымбат парфюмерия сияқты бағалы тауарлар болғанын жазады. Алайда кеменің нақты қандай жүк тасымалдағанын тәуелсіз түрде растау мүмкін болмаған.

Оман жағалауына жақын жерде кемеден төгілген жүктерді көрсететін шынайы видеолар бар. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың суға түскен тауарларды жинағаны туралы хабарлар тараған. Бірақ iPhone қораптарын жинап жүрген адамдар бейнеленген видео шынайы емес.

Видеоның ЖИ көмегімен жасалғаны қалай анықталды?

Full Fact ұйымының мәліметінше, Google-дың SynthID құралы видеодан жасырын цифрлық белгіні анықтаған. Бұл контенттің ЖИ құралдары арқылы жасалғанын немесе өңделгенін көрсетеді.

Фото: fullfact.org

Сонымен қатар видеода ЖИ көмегімен жасалған контентке тән бірнеше сәйкессіздік бар.

Мысалы, кадрдағы ер адам бастапқыда бір қорапты көтеріп алады. Бірақ жүре бастағанда оның қолында екі қорап пайда болады.

Скриншот: leadstories.com

Бірнеше секундтан кейін ол ешқандай қосымша қорап алмаса да, қолындағы қораптардың саны көбейеді. Тағы бір кадрда ер адам алғашында жалаңаяқ жүргендей көрінеді, кейін аяқ киімі кенеттен пайда болады. Мұндай сәйкессіздіктер видеоның шынайылығына күмән келтіреді.

Түйін

Сонымен, Ормуз бұғазында жүк кемелеріне қатысты оқиғалар шынымен болған. Алайда адамдардың су бетінде қалқып жүрген iPhone қораптарын жинап жүргені көрсетілген видео ЖИ көмегімен жасалған. Сондай-ақ суға батқан кемеде шынымен iPhone болғаны туралы ақпаратты авторлар тәуелсіз дереккөздер арқылы растай алмаған. Сондықтан бұл видеоны нақты оқиғаның дәлелі ретінде таратуға болмайды.

Оқу үшін