NoFake

Астанада сайт көшірмелері арқылы заңсыз казино жүргізген топтың ісі сотқа жетті

Фото: depositphotos

Астанада заңсыз интернет-казинолардың қызметіне қатысты тергеу аяқталды. Күдіктілер сайт көшірмелері арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржыны айналымға түсірген, деп хабарлайды Nofake.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, заңсыз ойын бизнесі «Nomadgames», «Sultangames» сайттары мен олардың көшірмелері арқылы жүргізілген. Ойыншылардан ақша қабылдау үшін электрондық әмияндар, банк терминалдары мен криптовалюта пайдаланылған. Тергеу дерегінше, бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан.

«Ақша операцияларының шын мәніндегі мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген», – делінген агенттік хабарламасында.

Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында жалған шарт арқылы 10 млрд теңге аударылып, кейін криптовалютаға айырбасталған.

«Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды», – деп хабарлады агенттік.

Сот шешімімен үш пәтерге, алты автокөлікке және 1,4 млрд теңгенің қаржы активтеріне тыйым салынды. Екі күдікті қамауға алынды, үшеуі кепілмен босатылды, тағы екеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Оқу үшін