NoFake

Криптовалютаға айырбастаған: Ақтөбеде интернет арқылы есірткі сатқан топ әшкереленді

Скрин видеодан

Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкеннің төлемдерін қабылдап, ақшаны криптовалюта арқылы аударумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды NoFake.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде ақша айырбастау тобын құрып, оған тағы жеті адамды тартқан. Олар міндеттерді өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша есірткі сататын интернет-дүкен үшін тәулік бойы төлем қабылдап отырған.

Қылмыстық схема қалай жұмыс істеген?

Интернет-дүкен операторлары сатып алушыларды тапсырыс ақысын төлеу үшін арнайы айырбастау тобына бағыттаған. Ақша түскені расталған соң сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген. Агенттік мәліметінше, топ мүшелері күніне 50-ден 70-ке дейін төлем операциясын жүргізген. Ол үшін өзге адамдардың атына рәсімделген 22 банк картасын пайдаланған.

«Кейін түскен қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын ұйымдастырушылардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Тергеу дерегінше, осы схема арқылы аударылған қаражат көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам сомаға тең. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Оқу үшін