NoFake

«Ертең электрик келеді»: алаяқтар тұрғындардың сеніміне қалай кіреді

Фото: "АлатауЖарық" АҚ

Әлеуметтік желіде өзін энергетикалық компанияның қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамның электр есептегішін тексеруді сылтауратып, тұрғыннан SMS-код сұрағаны туралы жазба тарады. NoFake.kz алаяқтардың қандай тәсіл қолданғанын анықтап, «Алатау Жарық Компаниясынан» түсініктеме алды.

Алдымен уақыт белгілеп, кейін код сұраған

Threads қолданушысының жазуынша, оған өзін бұрынғы «Алматыэнергосбыт» компаниясының қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласқан. Ол келесі күні электрик келіп, электр есептегішін тексеретінін айтып, тұрғынға екі уақыттың бірін таңдауды ұсынған.

Әңгіме барысында ешқандай күдік туындамаған. Алайда уақытты белгілегеннен кейін қоңырау шалушы оны растау үшін 1414 нөмірінен келген SMS-кодты айтуды сұраған. Тұрғын кодтың мазмұнына назар аударғанда, хабарламаның электр есептегішіне еш қатысы жоқ екенін байқаған. SMS CarGoRuq­sat электрондық кезек жүйесіне кіруді растауға арналған болып шыққан. Кодты айтудан бас тартқан соң белгісіз адам электрик келмейтінін, есептегіш тексерілмесе, айыппұл салынатынын айтып қорқытқан.

Алаяқтар қандай манипуляция қолданады?

Бұл оқиғада қоңырау шалушы бірден код сұрамаған. Алдымен өзін белгілі компанияның қызметкері ретінде таныстырып, күнделікті тұрмыстық мәселені қозғаған. Кейін тұрғынға ыңғайлы уақытты таңдауға мүмкіндік берген. Мұндай әрекет әлеуметтік инженерия тәсіліне тән. Адам өзіне ұсынылған екі уақыттың бірін таңдаумен айналысып жатқанда, әңгіменің шынайылығына күмән келтірмеуі мүмкін. Ал SMS-код сұрау қалыпты рәсімнің жалғасы сияқты көрінеді.

Тұрғын күмәнданып, кодты айтудан бас тартқан кезде қоңырау шалушы қысым көрсетуге көшкен. Яғни алдымен сенім қалыптастыруға, кейін айыппұлмен қорқыту арқылы қажетті ақпаратты алуға тырысқан.

Компания не дейді?

NoFake.kz редакциясы аталған жағдайға байланысты «Алатау Жарық Компаниясының» баспасөз қызметіне хабарласты. Компания өкілдері қызметкерлердің тұрғындардан SMS-код сұрамайтынын мәлімдеді.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тұрғындарды компания қызметкерлерінің атын жамылып, жеке және қаржылық деректерді алуға тырысатын алаяқтардан сақ болуға шақырады. Қазіргі уақытта «Энергосбыт» компаниясының қызметкері ретінде танысып, электр энергиясы бойынша берешекке есептелген айыппұлды жоюды сылтау етіп, SMS арқылы келген кодты сұрайтын телефон алаяқтығы тіркелді», — деп хабарлады компания.

Компания электр есептегіштерін тексеруге келген қызметкерлердің қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті екенін де түсіндірді. Тексеруден кейін жүргізілген жұмыс туралы ресми акт қалдырылуы тиіс.

«Электр есептегіштерін тексеруге келген АЖК қызметкерлері қызметтік куәлігін көрсетуі тиіс. Тексеру аяқталған соң жүргізілген жұмыс туралы ресми бланкіде акт қалдырылады. Онда есептегіштің жай-күйі, ауыстыру немесе қосымша тексеру қажеттілігі және кері байланыс деректері көрсетіледі», — деп түсіндірді компания.

SMS-код нені растауға арналған?

Threads-тегі оқиғаның маңызды тұсы — тұрғынға келген SMS мүлде басқа жүйеге қатысты болған.

CarGoRuq­sat — жүк тасымалына арналған электрондық кезек жүйесі. Ал қоңырау шалушы бұл кодты электр есептегішін тексеру уақытын бекіту үшін қажет деп түсіндірген. Демек, тұрғынға айтылған мақсат пен SMS-хабарламаның мазмұны сәйкес келмеген. Бұл — алаяқтық әрекеттің маңызды белгісі. Дегенмен белгісіз адамның аталған жүйеге қандай мақсатпен кіруге тырысқанын анықтау үшін қосымша тексеру қажет. Мамандар SMS-кодтарды, банк деректерін және басқа да құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Егер өзін қандай да бір ұйымның қызметкері ретінде таныстырған адам код сұраса, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты нақтылаған жөн.

Оқу үшін