NoFake

Желіде Қазақстандағы әскери жаттығу видеосы шетелдегі қақтығыс ретінде тарап жатыр

Скрин видеодан

Әлеуметтік желілердің шетелдік сегментінде Қазақстан Қарулы күштері сарбаздарының оқу-жаттығуынан түсірілген видео Қытай мен Үндістан арасындағы қарулы қақтығыс ретінде тарап жатыр. Алайда кадрлардың аталған елдерге еш қатысы жоқ, деп хабарлайды NoFake.kz.

Желіде қандай ақпарат тарады?

Instagram желісіндегі war_threats парақшасы таулы аймақта қару асынып жүгіріп, оқ атқан сарбаздар бейнеленген видеоны жариялаған.

Скрин әлеуметтік желіден.

Жазба авторы Қытай мен Үндістан арасында даулы Аруначал-Прадеш аумағында атыс болғанын мәлімдеген.

«Қытай мен Үндістан арасында Аруначал-Прадештің даулы аумағында қарулы қақтығыс болды. Бұған екі ел әскерилерінің ұзаққа созылған текетіресі себеп болған», – делінген жарияланымда.

Сондай-ақ автор Үндістанның Үнді-Тибет шекара полициясының бас директоры Шатруджит Капурға сілтеме жасап, шекараның бірнеше нүктесінде екі ел әскери қызметшілері арасындағы текетірес жалғасып жатқанын жазған. Жарияланым 19 мыңнан астам лүпіл мен жүздеген пікір жинаған.

Видео қайда түсірілген?

Видеоның негізгі кадрларын кері іздеу арқылы оның алғаш рет Қазақстандағы Тактикалық дайындық федерациясының (Tactical Training Federation) Instagram парақшасында жарияланғанын анықтадық. Аталған жазба 1,3 миллион қаралым жинап, оған 7 мыңға жуық пікір қалдырылған.

Скрин әлеуметтік желіден

Федерация президенті Ермек Сыдықбаев NoFake.kz тілшісіне видеода қазақстандық әскери қызметшілердің оқу-жаттығуы бейнеленгенін растады.

«Мен Қазақстандағы Тактикалық дайындық федерациясының президентімін. Бұл оқу-жаттығуды өзім өткіздім. Жаттығу жағдайлары шынайы ұрыс қимылдарына барынша жақындатылды. Видеода Жаркент қаласындағы «Көктал» полигонында өзім тікелей жаттықтырған Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері бейнеленген», – деді ол.

Қорғаныс министрлігі не дейді?

NoFake.kz аталған жағдайға қатысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне ресми сұрау жолдады. Ведомство шетелдік әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

«Кадрларда 2026 жылғы 22–25 маусым аралығында Алматы облысындағы «Көктал» полигонында жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес өткізілген Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері әскери қызметшілерінің оқу-жаттығу жиыны бейнеленген», – деп хабарлады министрлік.

Ведомство мәліметінше, әскери қызметшілер таулы аймақта ұрыс жүргізу дағдыларын жетілдірген. Атап айтқанда, тактикалық тәсілдер, жасырын қозғалу, торуыл ұйымдастыру, бақылау жүргізу және топ құрамында бірлесіп әрекет ету әдістері пысықталған. Сонымен қатар әскери қызметшілер тактикалық медицина және мергендік дайындық элементтері бойынша жаттыққан.

Демек, Қытай мен Үндістан арасындағы қарулы қақтығыстың дәлелі ретінде ұсынылған видео шын мәнінде Қазақстанда 2026 жылдың маусымында өткен жоспарлы әскери оқу-жаттығудан алынған. Оның шетелдегі әскери қақтығысқа қатысы жоқ.

Оқу үшін