NoFake

Tesla көлігінің әуеде ұшқанын көрсететін дипфейк видео тарады

Фото: leadstories.com

Әлеуметтік желіде Tesla Roadster көлігінің көпқабатты ғимарат төбесінен ұшып шыққанын көрсететін видео тарады. Алайда кадрлар шынайы емес, жасанды интеллект көмегімен жасалған, деп хабарлайды Nofake.kz Lead Stories фактчек платформасына сілтеме жасап.

Видео 20 қазанда X әлеуметтік желісіндегі @Stellarixorine парақшасында жарияланған. Жазба авторы оны Tesla Roadster көлігінің кезекті ерекше сынағы ретінде көрсеткен.

«Тағы бір ғимараттың төбесі. Tesla Roadster көлігінің тағы бір ақылға сыймайтын сынағы», – деп жазған видео авторы.

Кадрларда электромобиль биік ғимараттың төбесінен ұшып шығып, қала үстінде қалықтағандай көрінеді.

Видео қалай тексерілді?

Lead Stories мамандары видеоны жасанды интеллект контентін анықтайтын екі құрал арқылы тексерген. Hive Moderation сервисі видеоны жасанды интеллект жасаған болуының ықтималдығын 100 пайыз, ал Sightengine 99 пайыз деп бағалаған.

Фото: Hive Moderation

Сонымен қатар фактчекерлер тараған видеоны Tesla компаниясының ресми кадрларымен салыстырған.

Tesla 15 қазанда Техас штатындағы SpaceX сынақ алаңында ұшуға қабілетті Roadster прототипін таныстырған.

Фото: Sightengine.

Ресми кадрларда көлік арнайы алаңда сынақтан өтеді. Ал әлеуметтік желіде тараған видеодағыдай биік ғимараттар арасында ұшпайды. Осылайша, қала үстінде ұшқан Tesla Roadster көлігі туралы видео шынайы сынақтан алынбаған, жасанды интеллект көмегімен жасалған. Айта кетейік, бұған дейін Tesla көлігінің Сан-Францискодағы көпірден ұшып кеткені жайлы дипфейк видео тарағанын жазған болатынбыз.

Оқу үшін