NoFake

Қыста Жер Күннен алыстай ма — Астрофизик кең тараған мифті түсіндірді

Фото: Maximillian cabinet/Shutterstock/FOTODOM

Қыс Жердің Күннен алыстауынан, ал жаз Күнге жақындауынан болады деген түсінік бар. Алайда жыл мезгілдерінің ауысуы Жер мен Күннің арақашықтығына байланысты емес. Бұл туралы астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ғалымның айтуынша, Жер Күнді шеңбер бойымен емес, сәл созылыңқы эллипстік орбита арқылы айналады. Сондықтан жыл ішінде күнге бірде жақындап, бірде алыстайды. Бір қызығы, жер күнге ең жақын нүктесіне қаңтар айының басында, ал ең алыс нүктесіне шілдеде жетеді.

«Қазақстанда Жер Күнге жақындаған кезде қыс, ал алыстаған кезде жаз болады. Себебі жыл мезгілдерінің ауысуы Күнге жақын немесе алыс болуымызға емес, Жер осінің еңкіштігіне байланысты. Жер өз осінен шамамен 23,4 градусқа қисайып айналады», – деп түсіндірді астрофизик.

Жазда Жердің Солтүстік жарты шары Күнге қарай еңкейіп, күн сәулесін көбірек қабылдайды. Ал қыста керісінше, күн сәулесі көлбеу түсіп, күндізгі уақыт қысқарады.

«Сондықтан Қазақстанда жаз болған кезде Аустралияда қыс болады. Ал бізде қыс басталғанда Оңтүстік жарты шарда жаз келеді», – дейді Бекдәулет Шүкірғалиев.

Қорыта айтқанда, қыс Жердің Күннен алыстауынан болады деген түсінік – миф. Жыл мезгілдерінің ауысуына әсер ететін негізгі фактор – Жер осінің еңкіштігі.

Оқу үшін