NoFake

Адыраспан жағымсыз энергиядан қорғайтыны рас па

Фото: Depositphotos

Халық арасында адыраспанның тылсым күшіне сену – жай ғана ырым емес, терең тарихы бар мәдени құбылыс. Оның «жағымсыз энергиядан» қорғау қасиетін NoFake.kz редакциясына биологтар химиялық тұрғыдан, ал  этнографтар рухани тұрғыдан түсіндіріп берді.

Ештеңені себепсіз жасамайтын қазақ халқының бұл өсімдікті дәл «тазарту үшін» пайдалануына ғылыми себеп бар. Үй ішіндегі «ауыр энергия» көбіне ластанған ауа мен көрінбейтін бактериялардан тұруы мүмкін екендігін айтады биолог, Назарбаев университетінің профессоры Тұрсонжан Токай.

Фото: Тұрсынжан Токай, жеке архивтен

 «Адыраспан түтіні үй ішіндегі ауадағы бактериялар мен қабырғалардағы зеңдердің мөлшерін айтарлықтай төмендететінін көрсетеді. Бір зерттеуде адыраспан түтіні ауадағы зеңді 95%-ға дейін азайтатыны хабарланған», — дейді биолог.

Маманның зерттеуінше, өсімдік құрамындағы бета-карболин алкалоидтары (гармин, гармалин) — күшті табиғи антисептиктер. Олар ауадағы зиянды микроорганизмдерді жою арқылы үйдің атмосферасын физикалық тұрғыдан тазартады.

«Алайда, нейробиолог ретінде адыраспан түтінімен үй ауасын залалсыздандыру тиімді болғанымен, бұл өсімдіктің улы екенін атап өткім келеді. Оны тек түтіні арқылы ауаны тазарту мақсатында қолдануға болады, бірақ тұтынуға болмайды. Себебі оның құрамындағы алкалоидтар жоғары мөлшерде өте улы болуы мүмкін», — деп ескертті профессор.

 Психологиялық және нейробиологиялық әсер     

Бұрынғы заманда бақсылардың адыраспанды түтетіп, трансқа енгендей күй кешуінің де ғылыми себебі түсінікті болды. Ғылымда бұл өсімдіктің MAO-A (моноаминоксидаза-А) ферментін тежейтін қасиетімен түсіндіріледі. Сондықтан адыраспан түтіні адамның көңіл-күйіне әсер етіп, «жағымсыз энергияны айдау» сезімін тудыруы мүмкін. Тіпті оның құрамында жөтелге ем болатын зат бар екен.

«Адыраспанды жағып, түтінімен үйді аластау дәстүрі оның химиялық құрамына негізделген. Бета-карболин алкалоидтары ауадағы зиянды микроорганизмдерді азайтуға көмектесетін күшті табиғи залалсыздандырғыш қасиетке ие. Сонымен қатар, хиназолин алкалоиды вазицин (пеганин деп те аталады) бронхтарды кеңейтетін, жөтелге қарсы және қақырық түсіретін қасиеттерімен танымал», — дейді ғалым.

Профессордың айтуынша бұл өсімдікті  тыныс алу жолдарының ауруларында қолданған. Ал оның туындыларының бірі – бромгексин – қазіргі медицинада қақырықты азайту үшін пайдаланылады. Киелі саналатын шөптегі тағы бір фермент – моноаминоксидаза-А (МАО-А) – серотонин, адреналин және дофамин сияқты нейротрансмиттерлерді ыдыратуға жауапты.

«Бұл нейротрансмиттерлердің ағзадағы қалыпты деңгейі көңіл-күйді, жадыны, мінез-құлықты және мидың дамуын реттеу үшін өте маңызды. Сондықтан МАО-А кейбір жүйке жүйесі мен психикалық ауруларды емдеуде маңызды дәрілік нысана болып саналады», — деп тоқталды зерттеуші.

Сондай-ақ, 1920 жылдары адыраспан құрамындағы гармин «Паркинсон ауруын емдеуге арналған «сиқырлы дәрі» ретінде қолданылған екен.

«Алайда, скополамин сияқты басқа алкалоидтарға қарағанда гарминнің өнімділігінің әлсіздігіне байланысты жаласты қолданылмаған. Мен адыраспан құрамындағы гармин сияқты алклоидтарды паркинсонизмге қарсы тез әсер ететін агент ретінде қайта қарастыру керек деп ойлаймын»,- деп қорытты сөзін биолог Тұрсонжан Токай.

Адыраспанның зияны жайлы

Ал Қасыл Қатықбаева атындағы 168 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі, магистр Зүлмира Ешейдің айтуынша адыраспанды түтеткендегі түтін тым қою болса, адам ағзасында аллергия немесе тітіркендіру туғызуы мүмкін.

Фото: Асыл Қатықбаева, жеке архивтен

«Адыраспан (Peganum harmala) түтінінде эфир майлары, алкалоидтардың булы, жану өнімдері (ұсақ бөлшектер, түтін газдары) болады. Осылардың жиынтығы тыныс жолдарын тітіркендіреді. Түтін тым қою болғанда мұрынның бітелуі немесе су ағуы, көздің ашуы, жас ағу, жөтел, тамақтың қышуы, сирек жағдайларда теріде бөртпе тудыруы мүмкін», — дейді мұғалім.

Мұғалім адыраспанды түтету адам ағзасына екі түрлі әсер етуі мүмкін екенін айтады.

«Аллергиялық реакция – иммундық жүйе белгілі заттарға сезімтал болса, жай тітіркену (ирритант әсер) – түтіннің өзі кез келген адамға әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда адамдарда нақты аллергия емес, тітіркену реакциясы жиі кездеседі. Әсіресе бронхиалды астмасы бар адамдар, аллергияға бейім жандар, балалар мен жүкті әйелдер, тыныс жолы әлсіз адамдарға сақ болу керек», — деп ескертті биолог.

Рухани қорғаныс: Этнографтар не дейді?

Қазақ дүниетанымында «жағымсыз энергия» ұғымы көз тию, тіл тию және жын-шайтанның әсерімен сипатталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, этнограф Гүлжан Мейірманованың пайымдауынша, адыраспан – адам мен оның тұрағын осы сыртқы күштерден сақтайтын құрал болған.

Фото: Гүлжан Мейірманова, жеке архивтен

«Қазақ халқы адыраспанды киелі өсімдік деп таныған. Оны үйге іліп қою немесе түтіндету жын-шайтаннан, бәле-жаладан қорғайды деген сенім болған», — дейді ғалым.

Бұл сенімнің күштілігі сондай, адыраспанды жинаудың өзі үлкен этиканы талап еткен.

«Ритуалдық қолданысына келсек адыраспанды жұлу үшін арнайы рәсімдер жасалған: дәрет алып, дұға оқып, сәлем беріп жинаған. Бұл оның киелі саналғанын көрсетеді. Түтіні арқылы үйді аластап, ауру-сырқаудан, көз тиюден сақтайды деген наным кең тараған», — дейді этнограф.

Этнограф Гүлжан Мейірманова ел ішінде адыраспан түтінімен үйді, босағаны аластау секілді ырымдар мен оны жинаудың да тәртібіне тоқталып өтті.

«Жаңа түскен келіннің босағасын адыраспан түтінімен аластау дәстүрі бар. Бұл жас отаудың амандығын тілейтін символдық әрекет. Адыраспанды кез келген уақытта жұлуға болмайды, арнайы дұға жасап, рұқсат сұрап алу керек деген наным бар. Бұл оның киелі саналғанын көрсетеді», — дейді доцент.

Сондай-ақ, ғалымның айтуынша адыраспанмен үйді, малды, жаңа туған баланы адыраспан түтінімен аластайды. Бұл  «жамандықтан сақтайды» деген сенім. Кей өңірлерде адыраспанның бір бұтағын үйдің төріне іліп қою дәстүрі болған.

Сонымен, «Адыраспан жағымсыз энергиядан қорғайды» деген тұжырымға ғылыми негіз  — құрамындағы антисептикалық қасиеті бар алкалоидтар, галлюцинация тудыруы мүмкін гармалин болып отыр.

Оқу үшін