Жалған жарнама арқылы көлік “сатқан” азамат Ресейден экстрадицияланды

Коллаж: FinGramota.kz
Қазақстанға интернетте жалған автокөлік жарнамаларын жариялап, азаматтарды алдаған күдікті қайтарылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бас прокуратура бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
«Күдікті интернет-ресурстарда шетелдік көліктерді сату туралы көрінеу жалған жарнамалар орналастыру арқылы азаматтардың ақшасын иемденген. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды. Ресей Федерациясының аумағында ұсталғаннан кейін Қазақстан тарапының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Тергеу мәліметінше, ол 2023 жылы осы схема арқылы кемінде жеті азаматты алдап, қаражатын иемденген. 2025 жылғы шілдеде күдікті Ресейдің Белгород облысында ұсталып, кейін Қазақстанға жеткізілді. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмыстар бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


