Қазақстанда цифрлық деректер алғаш рет құқық объектіcі ретінде танылады

Фото: nofake.kz/
Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі депутаттары алғаш рет цифрлық деректердің, платформалар мен жүйелердің құқықтық мәртебесін айқындайтын Цифрлық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, құжат цифрлық ортадағы құқықтық объектілік пен субъектілікті бекітеді. Объектілер қатарына цифрлық деректер, платформалар, ресурстар, жүйелер және инфрақұрылым — соның ішінде деректерді өңдеу орталықтары кіреді.
«Кодекстің негізгі бөлігі цифрлық ортада өмір сүретін материалдық емес объектілердің жаңа түрі ретінде цифрлық құқық ұғымын айналымға енгізеді. Цифрлық құқықтың екі түрі айқындалған: айналымдағы цифрлық құқықтар — цифрлық қаржылық және тауарлық активтер, сондай-ақ утилитарлық цифрлық құқықтар — қолжетімділік, пайдалану және өзге де материалдық емес мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Бұл норма нақты секторды токенизациялауға және цифрлық активтер нарығын дамытуға негіз қалайды», — деді депутат.
Сонымен қатар, цифрлық деректер айналымының құқықтық режимі енгізіледі. Алғаш рет жазба түріндегі деректер құқық объектісі ретінде танылады. Бұл деректердің экономикалық құндылыққа ие болатынын және азаматтық айналымға қатыса алатынын білдіреді.
«Кодекс цифрлық ортадағы адамның негізгі құқықтарын қамтиды — ұмытылу құқығы, ақпаратқа қол жеткізу, цифрлық сәйкестендіру мен құпиялылықты қорғау. Сондай-ақ аутентификация мен идентификацияның құқықтық режимі күшейеді, оған көпфакторлы және биометриялық тәсілдер кіреді», — деп түсіндірді Екатерина Смышляева.
Құжатта алғаш рет ұлттық цифрлық объектілер ұғымы енгізіліп отыр. Олар иеліктен шығаруға жатпайды және елдің цифрлық егемендігінің негізін құрайды. Бұдан бөлек, цифрлық жүйелердің үш деңгейлі аудит жүйесі енгізіледі:
Функционалдық аудит – жүйелердің, соның ішінде жасанды интеллект жүйелерінің мақсаттары мен нақты функцияларының сәйкестігін тексереді;
Киберқауіпсіздік аудиті – қорғаныс деңгейін, деректер қауіпсіздігін және архитектуралық сенімділікті бағалайды;
Реттеуші аудит – ішкі саясаттардың кодекс талаптарына және өзге заңнамамен үйлесімділігіне баға береді.
Бұл жүйе цифрлық мемлекетті ашық, бақыланатын және қоғам алдында есеп беретін етеді.
«Алғаш рет «цифрлық дәлелдемелер” ұғымы енгізіліп отыр. Бұл азаматтық-құқықтық қатынастар мен сот процестерінде цифрлық жазбаларды, логтарды және транзакцияларды заңды дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – маңызды қадам», — деп атап өтті депутат.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, кодекс жобасында тұтынушылар мен цифрлық платформалар пайдаланушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар да қарастырылған. Сондай-ақ цифрлық алаңдарда тауарлар мен қызметтерді ұсыну кезінде салалық заңнаманы сақтау міндеті бекітіледі.
«Мысалы, жолаушыларды тасымалдау қызметін мобильді қосымшалар (Yandex.Taxi, InDrive) арқылы көрсететін компаниялар “Автомобиль көлігі туралы” заң талаптарын орындауы тиіс. Яғни, жолаушыларды сақтандыру, автокөліктің талаптарға сәйкестігі, тасымалдау ережелері мен жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау, медициналық тексерістен өту міндетті. Ал цифрлық платформалар арқылы тауар сатып алу кезінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Сауда қызметі туралы” және басқа салалық заңдар қолданылады», — деді ол.
Сонымен бірге, мемлекеттік бақылау жүйесі көзделген — тексерулер мен профилактикалық бақылау түрінде, бақылау субъектісіне бару немесе бармай жүргізу арқылы. Цифрлық объект иесі басқа тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге, дербес деректер мен құпиялылықты қорғауға міндетті. Сондай-ақ ол осындай объектілерді заңсыз пайдаланудан келген кез келген залал үшін жауап береді.


