NoFake

1414-тен келген кодты айтып қойсаңыз не істеу керек

1414-тен келген кодты айтып қойсаңыз не істеу керек

Коллаж: NoFake.kz.

1414-тен келген SMS-кодты біреуге айтып қойсаңыз, алдымен тұтқаны қойыңыз. Кодты білген адамның шотыңыздан бірден ақша шешіп алуы немесе атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін бе? NoFake.kz 1414 жүйесінде не өзгергенін және мұндай жағдайда не істеу керегін тексерді.

Алаяқ бір кодпен не істей алады?

Бұл кодтың не үшін жіберілгеніне байланысты. Мысалы, eGov порталында ЭЦҚ арқылы кіргеннен кейін 1414-тен келген код адамның жеке басын қосымша растау үшін қолданылады. Ал Мобильді азаматтар базасына тіркелгенде осы нөмірден келген код телефон нөмірін растауға қажет. Демек, кодты басқа адамға айтсаңыз, ол сіздің атыңыздан басталған әрекеттің растау кезеңінен өтуі мүмкін. Бірақ кодты айтқаныңыздың өзі ақша аударылды немесе несие рәсімделді деген сөз емес.

Бұрын кейбір мемлекеттік сервистерге кіру үшін телефонға келген бір реттік код жеткілікті болатын. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсаннан бастап 1414 арқылы SMS жіберетін жүйелерге кіру үшін биометрия, ЭЦҚ немесе eGov QR қажет. Осы талапты орындамаған жүйелер 1414-тің SMS жіберу сервисінен ажыратылған.

Кодты айтып қойсаңыз, не істеу керек?

Қоңырауды үзіңіз. Артынша өзін банк не полиция қызметкері деп таныстырған басқа адам хабарласуы мүмкін. Бас прокуратураның дерегінше, алаяқтар алғашқы қоңырауды сылтау етіп, «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Содан соң адамның өзіне несие алғызып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудартуға тырысады.

«Мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-тен бір реттік кодтарды, карта деректерін немесе парольдерді сұрамайды», – деп ескертеді Бас прокуратура.

SMS мәтінін оқып, 1414-ке өзіңіз хабарласыңыз. Хабарламада қандай қызмет немесе әрекет көрсетілгенін айтыңыз. eGov-тағы жеке кабинетіңізден «Қызметтерді алу тарихы» бөлімін ашып, өзіңіз жібермеген өтінім бар-жоғын қараңыз.

Карта деректерін де берген болсаңыз немесе ақша аударып үлгерсеңіз, дереу банкіңізге қоңырау шалыңыз. Нөмірді банктің ресми қосымшасынан алыңыз. Картаны бұғаттауды сұрап, күмәнді операцияны хабарлаңыз. Ақша шотыңыздан шығып кетсе, 102 нөмірі арқылы полицияға да хабарласыңыз.

Атыңызға несие рәсімделгеніне күмәндансаңыз, жеке кредиттік есеп алыңыз. Оны eGov.kz арқылы тексеруге болады. Есепте өзіңіз алмаған қарыз көрсетілсе, кредит берген ұйымға хабарласып, полицияға арыз беріңіз. Алдағы уақытта жаңа қарыз алуға шектеу қою үшін eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы «Стоп-кредит» қызметін қоса аласыз.

ЭЦҚ кілтін жіберген болса ше?

Егер кодпен бірге ЭЦҚ кілтін де жіберген болсаңыз, pki.gov.kz арқылы қолданыстағы сертификатты кері қайтарып, жаңасын алыңыз. Ал тек SMS-кодты айтқан болсаңыз, бірінші кезекте хабарламаның қай қызметке қатысты екенін анықтаңыз. Оны «жою» немесе «ақшаңызды қорғау» үшін қайта қоңырау шалған адамның нұсқауымен несие алмаңыз, ақша аудармаңыз.

Оқу үшін