NoFake

Ұлыбританияда «жаппай жарық сөнеді» деген ескерту – жалған

Ұлыбританияда «жаппай жарық сөнеді» деген ескерту – жалған

Фото: magnific.com


Әлеуметтік желілерде Ұлыбританияның электр желісі операторы National Grid атынан «ел бойынша жарық сөнеді» деген ескерту жарияланды. Алайда компания бұл жазбаны жалған деп мәлімдеді. Хабарламаны Reuters агенттігінің фактчекинг тобы тексерген, деп хабарлайды NoFake.kz
Ресми ескерту ретінде таратылған хабарламада 19 қараша, бейсенбі күні сағат 16:00-ден бастап желідегі «ақауға» байланысты тұрғын үй, кәсіпорындар мен қоғамдық қызметтер ұзақ уақытқа электр энергиясыз қалуы мүмкін деп жазылған. Сонымен қатар National Grid сайтындағы nationalgrid.com/powercut деп аталатын бетті қадағалап отыруға кеңес береді.


Бұл хабарламаны жалған екенін National Grid-тің өзі және Ұлыбританияның энергетика саласына жауапты тағы екі ұйым растаған. Reuters жалған хабарламадағы nationalgrid.com/powercut сілтемесін де ашып көргенде, «бет табылмады» деген қате шыққан.

Фото: Reuters

National Grid-тің жарықты жоспарлы ажырату туралы ақпарат беретін сайтынан да мұндай ескерту табылмады. Бұл хабарламаны британдық Full Fact фактчекинг ұйымы да жалған деп тапқан.

«Ұлыбританияның электр және газ желілерін қадағалайтын мемлекеттік орган – Ұлттық энергетикалық жүйе операторының (NESO) өкілі де Reuters-ке жазған хатында бұл хабарламаның жалған екенін растады. Сондай-ақ, елдің энергетика саласын біріктіретін ұлттық сауда бірлестігі Energy UK өкілі мұндай хабарландырудан хабарсыз екендерін айтты», — деп жазды Reuters.

Мұндай жалған хабарландыруды қалай тануға болады?

Электр, су немесе жылу беру тоқтатылады деген «ресми» хабарландырулар кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда да таралуы мүмкін. Оларды бөліспес бұрын мына нәрселерді тексеріңіз.
Дереккөзге назар аударыңыз. Шын ескерту компанияның ресми сайтында және аккаунттарында жарияланады. Қазақстанда ұлттық электр желісін KEGOC басқарады, ал жоспарлы ажырату туралы өңірлік электр желілік компаниялар мен әкімдіктер хабарлайды.
Сілтемені ашып көріңіз. Жалған хабарламадағы сілтеме көбіне ашылмайды немесе ресми сайтқа ұқсас бөтен бетке сілтейді.
Үрей тудыратын сөздерге сақ болыңыз. «Ақау», «ұзақ уақытқа», «бүкіл ел бойынша» деген сияқты тіркестер оқырманды асықтырып, тексермей бөлісуге итермелейді.
Басқа дереккөздерден іздеңіз. Республика бойынша шынымен апат болса, бұл туралы БАҚ пен мемлекеттік органдар да хабарлайды.

Оқу үшін