Белгілі репродуктологтың дипфейк видеосын паразитке қарсы дәрі жарнамасына пайдаланған

Фото: Экомед
Әлеуметтік желіде дәрігер Салтанат Байқошқарова паразитке қарсы дәрі ұсынғандай көрінетін видео тарады. Дәрігер бейнесі мен дауысын рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, жарнамаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Видеоны телесюжетке ұқсатып жасаған. Роликте тележүргізуші Камила Жүсіпова мен Салтанат Байқошқарованың дауыстары жасанды интеллект көмегімен жасалған. Оны көрген адам дәрігер телеэфирге шығып, препаратты өзі ұсынып отыр деп ойлауы мүмкін.
«Мен ешқашан дәрі-дәрмектерді, дәрумендерді, биологиялық қоспаларды немесе басқа да өнімдерді жарнамалаған емеспін және жарнамаламаймын! Менің бейнем мен дауысым рұқсатсыз қолданылған. Осы жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және бейнероликте жарнамаланған өнімдерді сатып алмауларыңызды сұраймын», – деп жазды Салтанат Байқошқарова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Дәрігер кәсіби кеңестері мен ресми мәлімдемелерін тек өз парақшасында жариялайтынын айтты.
Тағы қандай дәрігерлердің бейнесін пайдаланған?
Бұған дейін желіде кардиохирург, University Medical Center басқарма төрағасы Юрий Пяның бейнесін пайдаланған дипфейк тараған. Ол ролик те телесюжетке ұқсайды. Онда кардиохирург паразитке қарсы препаратты мақұлдағандай етіп көрсетілген.
Алаяқтар түрлі препараттарды жарнамалау үшін нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың және Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы Абай Байгенжиннің де фото-видеоларын пайдаланған.


