NoFake

«Өлілердің даусы», өшіргіші бар қалам: сайлауға сенімсіздік ұялататын фейктердің мақсаты не

Коллаж: NoFake.kz

Қай елде болмасын саяси науқан басталғанда адамдарды адастыруға бағытталған жалған ақпарат пен манипуляцияға негізделген мәлімдеме көбейеді. NoFake.kz Референдумге дауыс беретін күні тараған жалған жаңалықтарды топтастырып, мұндай фейк таратушылардың мақсаты не деген сұраққа жауап іздеді.

Әлеуметтік желілердегі фейктер жыл сайын өзгеріп, оны жасау тәсілі түрленіп отыр. Қазіргі фейк шынайы мәліметке сүйеніп, бірақ автордың ыңғайына қарай бұрмаланып жазылады. Сондықтан сайлауға қатысты мәлімет іздесеңіз, Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтын оқыңыз.

Қазақстандықтар Референдумге дауыс берген күні қандай фейк тарады?

«Өшіргіш қалам». Интернеттен «сайлау учаскелерінде сиясы өшіп қалатын арнайы қалам қолданылып жатыр, яғни, азаматтардың дауысын өшіруге болады» деген сипаттағы видеоны қазір де көре аласыз. Ол биыл көктемде азаматтар Референдумге дауыс берген күні тараған.

Скрин ғаламтордағы видеодан

Кейбір фейк қайталанады. Жаңа саяси науқан қарсаңында оларды желіге қайта жүктеп, адамдарды шатастырады. Мұндай әрекеттерге барып отырғандардың мақсаты қоғамды екіге бөлу, сайлауға сенбеуге үгіттеу болуы мүмкін. Бұл туралы саясаттанушы, «Халық үні» бақылаушылар тобын құрушылардың бірі Нұрболат Нышанбай айтты.

«Біз 2022 жылдан бастап сайлауды бақылап келе жатырмыз. Фейк, манипуляция, түрлі әрекеттердің қазақстандық контекстіде жиі қайталанатынын байқаймыз. 2022 жылы дауыс беру күні жалған ақпарат өте көп тарады. «Дауыс беру учаскелеріндегі кабиналарда жазғаныңыз өшіп қалатын қалам қойылған. Демек, сіз  «жоқ» десеңіз де, өздері «иә» деп белгілей алады» деген сынды видеолар шықты. Кейін белгілі болғандай, ол Қазақстанға қатысы жоқ, мүлде басқа елде болған ақпарат», — дейді маман.

Сайлау учаескелерінің бірінде дауыс беру бюллетеньдерін жәшікке уыстап салып жатқан ескі видео да биыл көктемде өткен референдум күні желіде қайта тарады.  

Скрин ғалатордағы видеодан

Мұндағы мақсат та жалған ақпарат тарату арқылы сайлау процесіне деген сенімсіздік туғызу. Референдум қарсаңында тик-токта «қайтыс болған адамдардың атынан дауыс берген» деген мағынада дипфейк тарады. Видео мазмұнына сәйкес, сайлау учаскесіне дауыс беруге келген ақсақал дауыс берушілер тізімінен өзінің қайтыс болған жұбайының аты-жөнін көріп қалады. Яғни дипфейк авторы сайлауда қайтыс болған адамдардың да атынан дауыс беріп жатыр деген жалған ақпарат арқылы халықтың санасына астыртын әсер етпекші.

Скрин видеодан

«Бәрі шешіліп қойған»: Манипуляторлар сайлаушылардың санасына қалай әсер етеді?

Нью-Йорк университетінің профессоры Джошуа Такердің зерттеуінше, заманауи боттар мен фэйктер сіздің көзқарасыңызды өзгертпеуі мүмкін. Олардың негізгі мақсаты — күн тәртібін қалыптастыру және халықтың назарын басқа арнаға бұру. Мысалы, Коста-Рикадағы сайлауды зерттеу нәтижелері халық санасына манипуляция жасаудың тағы бір мақсатын әшкереледі. Бұл — «Сайлаудан көңіл қалдыру» тактикасы. Манипуляторлар әдейі «Бәрі шешіліп қойған», «Сайлау әділ өтпейді» деген нарративті таратады. Мақсат — сізді жаңалықтан шаршатып, сайлауға мүлдем жібермеу, электорат белсенділігін төмендету. Маман бұл тактика жақсы жұмыс істейтінін айтады. Мысалы осындай манипуляциялардың салдарынан Коста-Рикада сайлауға барып, дауыс берген жастардың саны айтарлықтай азайған. Қазақстанда да дәл осы әдістер қолданылып отыр.

Қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Нышанбай дипфейкті оңай ажыратуға болады, оған қарағанда жартылай фейк ақпарат қоғам үшін әлдеқайда қауіптірек екенін айтады.  

«Қазіргідей құрылтай сайлауында ЖИ арқылы жасалған видеоларға қарағанда, қоғам үшін жартылай фейк ақпараттар көбірек қауіпті деп ойлаймын. Яғни, қандай да бір шынайы болған ақпараттың ішінен контекст алып, өзіне бұрмалап, әрі қарай толықтыратын ақпараттар. Сондықтан партиялардың атын жамылып түрлі мақсатта жекелеген азаматтардың немесе шетелдік компаниялардың манипулятивті видеолар, ақпараттар таратуы екі есе қауіпті болып отыр», — дейді саясаттанушы.

Осы тектес контенттің елеулі бөлігі әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Естеріңізде болса, биыл көктемде Венгрияда парламенттік сайлау өткен болатын. Сол кезде ЖИ мен дезинформацияның әсерін зерттеген венгриялық ғалым Бенце Мольнардың редакциямызға білдірген пікірінше, технологиялық платформаларға мұндай материалдарды анықтау қиын.

«Видео статикалық кескінге қарағанда әлдеқайда көп ақпаратты қамтиды. Сондықтан платформалардың мониторинг жүйелері маңызды саяси хабарламаларды жіберіп алуы ықтимал», — деп түсіндіреді ол.

Жалған ақпарат таратып, қоғам санасына манипуляция жасауды көздейтіндер аудиторияға ең алдымен эмоционалды әсер етуді мақсат ететінін айтады маман.

«Тікелей саяси хабарламасыз-ақ эмоционалды манипуляция арқылы сайлаушылардың пікіріне әсер етуге болады. Біз науқан кезінде осындай көптеген жасанды интеллект арқылы жасалған видеоларды көрдік. Олар ең алдымен Meta платформаларын жаңылыстырып, жойылғанға дейін бірнеше күн бойы жарияланып тұрды», — дейді сарапшы.

Сарапшы, тіпті, ақпараттың жалған екені белгілі болғаннан кейін де ол аудиторияға әсер етуін жалғастыра беретітін айтады. Мұны көптеген психологиялық зерттеулер растайды.

«Жасанды интеллект көмегімен жасалған дезинформация бізге оның фейк екенін білсек те әсер етуін тоқтатпайды», — дейді венгриялық зерттеуші Мольнар.

Оның айтуынша, жалған ақпарат адамның жадында бекіп қалғаннан кейін, оның ықпалын толығымен жою аса қиынға соғады. Сол себепті болса керек, манипуляция, жалған ақпарат таратушылар жасап жатқан ролик, фотоларына көбірек эмоционалдық реңк беріп, нақты фактіге негізделуіне аса мән бере бермейді.

Сайлау алдындағы ақпараттық айқастың артында кім тұр?

Қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Нышанбай жартылай фейк пен контекстіден жұлып алынған ақпарат бәрінен де қауіпті екенін айтады. Болған жағдайды өз мүддесіне қарай бұрмалап тарату — кең тараған қауіпті әдістердің бірі.

«Өкінішке қарай, мұндай ақпарат көптеп кездеседі. Мысалы, кеше ғана партиялар арасында болған ашық дебатта да, осыған дейінгі болған дебатта да бір-бірін қанденге, блогерге теңеген. Бұл расында да айтылған ақпарат, бірақ электораттың арасында осы айтылған ақпараттың белгілі бөлігін жұлмалау арқылы басқа тұсын түрлі манипулятивті мақсатта, өздерінің мүддесіне арналған бағытта, саяси күште қолдануы мүмкін», — дейді саясаттанушы Нышанбай.

Саясаттанушы мұндай фейк, манипуляцины саяси партиялар емес, сол партиялардың атын жамылып әрекет ететін шетелдік компаниялар мен жекелеген адамдар жасайтынын айтады.

«Қазақстан үшін ең маңызды мәселе тек қана партиялар тарапынан емес, себебі партиялар мұндай жалған ақпарат таратуға екі-үш рет ойланады. Қандай да бір заңсыз әрекетке бару оларды орталық сайлау коммиссиясы тарапынан жолдан шегеріп тастауы мүмкін деген қорқыныш тұрады. Сондықтан партиялардың атын жамылып түрлі мақсатта жекелеген азаматтардың немесе шетелдік компаниялардың манипулятивті видеолар, ақпараттар таратуы екі есе қауіпті болып отыр», — дейді маман.

Қорытынды

Сонымен, манипуляторлардың басты мақсаты халықтың көзқарасын өзгерту емес, сайлау жүйесіне деген сенімсіздік ұялату, «бәрі шешіліп қойған» деген нарратив арқылы электоратты сайлаудан суыту және назарды басқа арнаға бұру. Негізгі қауіп көзі тікелей саяси партиялар емес, олардың атын жамылып әрекет ететіндер. Ал жалған ақпараттың фейк екені әшкереленсе де, ол адам санасында бекіп, эмоционалды деңгейде әсер етуін жалғастыра береді. Сондықтан ақпараттық шабуылдан қорғанудың басты жолы — эмоцияға бой алдырмай, фактілерді тек Орталық сайлау комиссиясы сияқты ресми әрі сенімді дереккөзден тексеру. Бұған дейін біз саяси науқан алдындағы дипфейктер қалай жасалатыны жайлы жаздық.

Оқу үшін