Сайлау кезінде блогерлерге төленген гонорарға салық салына ма — Кірістер комитеті түсіндірді

Коллаж: NoFake.kz
Сайлауалды үгіт кезінде партиялар әлеуметтік желілерде жарнама орналастырып, блогерлер мен басқа да контент авторларының қызметіне ақы төлей алады. Ал мұндай гонорардан салық төлене ме және оны мемлекет қалай бақылайды? NoFake.kz осы сұрақтарды Мемлекеттік кірістер комитетінен сұрады.
Комитеттің түсіндіруінше, сайлауалды үгіт жүргізудің өзі жеке салық салу объектісі болып саналмайды. Алайда жарнама немесе басқа қызмет көрсеткені үшін алынған табысқа жалпы салық заңнамасының талаптары қолданылады.
«Салық салу мақсатында алынған табыстың сипаты, табыс алған тұлғаның мәртебесі, сондай-ақ салық міндеттемелерінің туындауы мен орындалу негіздері маңызды», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Блогер гонорар алса, салықты кім төлейді?
Бұл ең алдымен ақшаны кім алғанына байланысты. Егер партия немесе басқа ұйым қызмет көрсеткені үшін жеке тұлғаға ақша төлесе, Салық кодексінде көзделген жағдайларда мұндай табыс төлем көзінен салық салуға жатады. Яғни салық агенті жеке табыс салығын есептеп, ұстап қалып, бюджетке аударады. Ал қызмет көрсетуші жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болса, салық міндеттемесін өзі орындайды. Қанша және қандай салық төленетіні оның салық режиміне және алған табысының сипатына байланысты анықталады. Демек, блогерге немесе басқа тұлғаға сайлауалды үгіт үшін ақша төленуі оны салықтан босатпайды.
Мұндай төлемдерді салық органдары қалай тексереді?
Мемлекеттік кірістер органдары салық міндеттемелерінің орындалуын камералдық және салықтық бақылау арқылы қадағалайды. Камералдық бақылау кезінде салық есептілігіндегі мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарындағы және салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылатын басқа ақпаратпен салыстырылады. Қажет болған жағдайда салықтық тексеру жүргізілуі мүмкін. Ал тиісті төлемдер салық агентінің есептілігінде көрсетілуге тиіс.
Сайлау қорынан кімге қанша ақша кеткенін МКК көре ме?
МКК мәліметінше, сайлау қорларының қаражатына қатысты бөлек тәртіп бар. Сайлау қоры үшін банкте арнайы уақытша шот ашылады. Банктер сол шотқа түскен және одан жұмсалған қаражат туралы апта сайын тиісті сайлау комиссиясына есеп береді. Сайлау комиссиясы сұратқан жағдайда банк мәліметті 24 сағат ішінде ұсынуы тиіс. Алайда бұл есептер Мемлекеттік кірістер комитетіне автоматты түрде жіберілмейді.
«Банктердің мемлекеттік кірістер органдарына сайлау қорларына қаражаттың түсуі және жұмсалуы туралы есепті сайлау заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынуы көзделмеген», – делінген жауапта.
Сайлау қорындағы ақшаның қалыптасуы мен жұмсалуын бақылау тиісті сайлау комиссияларының құзыретіне жатады. Ал салық органдары банк мәліметтерін салық заңнамасында көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша ала алады.
Салық сайлау кезінде төлене ме, әлде кейін бе?
Ведомствоның айтуынша мұнда «сайлау кезінде» немесе «сайлаудан кейін» деген арнайы тәртіп жоқ. Салық міндеттемесі төлемнің қашан жасалғанына және табыс алушының мәртебесіне қарай Салық кодексінде белгіленген мерзімде орындалады. Мәселен, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияның есепті кезеңі – күнтізбелік тоқсан. Сондықтан нақты төлемнің салық есептілігінде қашан көрсетілетіні оның жасалған уақытына және есептілікті тапсыру мерзіміне байланысты.
Блогерлерге қатысты заңбұзушылықтар анықталған ба?
Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай статистиканы жеке жүргізбейтінін хабарлады. Яғни салық органдарында «сайлауалды үгіт жүргізген блогерлер» немесе «партиядан гонорар алған тұлғалар» деген жеке есеп жоқ.
«Сондықтан партиялар, сайлау штабтары немесе блогерлердің үгіт науқаны кезінде салық міндеттемесін орындағаны, не бұзғаны туралы жеке статистика ұсынылмайды. Сонымен қатар нақты салық төлеушінің табысы мен оның салық міндеттемелерін орындауы туралы ақпарат салық құпиясына жатады», — дейді мамандар.
Осылайша, партиядан немесе сайлау штабынан әлеуметтік желідегі үгіт, жарнама немесе басқа қызмет үшін алынған гонорар да кәдімгі табыс ретінде салық заңнамасына бағынады. Ал салықты кім есептеп, кім төлейтіні қаражатты алған адамның жеке тұлға, ЖК немесе заңды тұлға ретінде жұмыс істеуіне байланысты. Еске салсақ, біз сайлау бюджеті қалай жасақталатыны жайлы экс-Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтан сұрған болатынбыз. Бұған дейін біз 2026 жылы салықты қалай азайтуға болатыны жайлы жаздық.


